Шымкент қаласындағы оңалту орталықтары ерекше балаларды қоғамға бейімдеуде
Шымкент қаласындағы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен психикалық денсаулық орталығы балалардың денсаулығының жақсаруына барынша көмек көрсетуде.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған.
- Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Емдік шараларға «ROBACTIV» локомотив жүйесі, модульдік баспалдақтың «STEP» түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтар қолдануда. Орталықта қазір стационарлық жағдайда 124, жартылай стационарлық жағдайда 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айрылған 25 бала орталық қамқорлығында. Оларға 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі, - дейді ол.
Сонымен қатар балаларды қоғамға бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Медициналық бөлімде физиоемдеу, стоматология мен емдік кабинеттер қарастырылған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарды емдеу үшін физиотерапиялық бағытта қызметтер көрсетіледі.
Ал Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты психикалық денсаулық орталығындағы оңалту бөлімшесі осыдан екі жыл бұрын ашылған. Осыған дейін мұнда аутизмге шалдыққан 359 бала оңалту шарасынан өткен.
Орталықта ем алған балаларда оң нәтижелер байқалады. Түзету-дамыту бағытындағы кешенді шаралардың нәтижесінде олардың сөйлеу қабілеті жақсарып, моторлы еліктеулерді түрткі арқылы орындау, дұрыс отыру және көпшілік ортада еркін сезіну сынды жақсы көрсеткіштер байқалған.
Айта кетейік, оңалту бөлімшесінде аутизммен есепте тұратын балаларға амбулаториялық деңгейде медициналық көмектер көрсетіледі. Бөлімшеде медициналық-диагностикалық қарап-тексеру, түзету жұмыстары, сенсорлық интеграция, психофизикалық жағдайды тұрақтандыруға арналған дене тәрбиесі бойынша жұмыстар жүргізіледі. Алдағы уақытта бөлімшенің жұмысын кеңейтіп, аутизмге шалдыққан балаларға қолжетімді медициналық қызметтерді замана талабына сай жандандыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізу көзделген.