Шымкент қаласында өткен үш жылда 792 шақырым жол жөнделген
Шымкент қаласында соңғы үш жыл көлемінде 792 шақырымды құрайтын жол жөнделіпті. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жалпы қала аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды.
Оның ішінде асфальтбетон жабындысы бар жолдың ұзындығы 2189,5 шақырымды құрайды. Ал 935,6 шақырым жолға шағал тас төселсе, 122,5 шақырымы топырақ жол. Бүгінде қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 68,1 пайыз.
- Қаламызда жол инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын басымдылық берілуде. Мәселен, 2020 жылы жол құрылысы саласынада 225 нысан немесе 283,8 шақырым жол жөндеуден өткізілген. 2021 жылы 137 нысан немесе 189,7 шақырым жолға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ал 2022 жылы автомобиль жолдары саласында 158 нысанда немесе 287,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тапсырылды. Биылғы 6 айдың қорытындысымен 31,2 шақырым жол жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 280 нысан немесе 304 шақырымға дейін жетеді. Осылайша, осы жылдың соңына дейін қала жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу көзделуде, - дейді мұрат Дүйсенбекұлы.
Биылғы жүргізіліп жатқан жол құрылысының бірі Самал-3 шағын ауданында 14 көше орта жөндеуден өткізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Самал-3 шағын ауданындағы Ізгілік көшесінен Юсупов көшесіне дейінгі аралықтағы Тыңдала көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Асфальт жабындысы төселетін көше ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, Қазақ ордасы, Алмалы бақ және Мәңгілік ел көшелерінде жол құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жалпы биыл Самал-3 шағын ауданында 25,2 шақырымды құрайтын 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жол құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес іске асырылуда. Айта кетейік, шағын ауданда 2025 жылға Төлепбергенов, Алтынбастау, Ештай ата, Арайтаң, Әлменов, Ақтасты, Тәуекел хан көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда.