Шымкент қаласында жыл сайын 300 шақырым жол жөнделуде
Шымкент қаласында жыл сайын кемі 300 шақырым жол жөнделіп келеді екен. Жалпы бүгінгі таңда Шымкент қаласының жаңа өркениет биігінде қарыштап дамуы үшін ең алдымен жол инфрақұрылымын дамыту мақсаты тұр. Бұл салаға үлкен жауапкершілік жүктелген.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, шаһардың алдына қойылып отырған ең маңызды мәселенің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу.
- Статистика мәліметіне жүгінетін болсақ, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Атап айтсақ, Ташкент-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталған. Шілде айының ортасында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отырмыз, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан бөлек, қалада 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы да іске асырылуда.
- Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі және Бәйдібек би даңғылына бұрылыстағы оң жақ өткел ашылды. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті жоғарылай түсетін болады, - дейді қала әкімі.