Шымкент қаласында екі шағын ауданға газ таяуда беріледі
Шымкент қаласында шағын аудандарды табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі таңда оның құрылыс жұмыстары 6 нысанда жүргізілуде. Атап айтсақ, газдандыру жұмыстары Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағын аударында атқарылуда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Солтүстік Саяжай елдімекені тұрғындарына табиғи газ беріліп отыр екен. Ол шағын ауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары басталған.
- Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға жеткізілетін болады, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі айтқан Нұртас шағын ауданында 2873 тұрғын тұрады. Ол ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме қазір елдімекенге ұзындығы 1,5 шақырымнан тұратын құбыр жүйелерін тартуда. Нысан пайдалануға берілгенде елдімекен тұрғындары толық табиғи газбен қамтылатын болады.
Шымкент қаласының басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы шағын аудандағы құрылыс жұмысына жауапты мердігерге ондағы газбен қамту жұмыстарының қарқынын арттырып, өндірістік кестеге сай тамыз айында абоненттерді көгілдір газға қосуды тапсырды. Айта кетейік, жыл соңына дейін қалада газдандыру бойынша 6 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталады. Ал Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ елдімекендерінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын алдағы жылы аяқтау жоспарлануда.