Шымкент қаласы мен Армения мемлекеті арасында ынтымақтастық байланыс орнатылды
Шымкент қаласында кәсіп бастауға деген шетелдіктердің қызығушылығы жылсанап артып келеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы Армения Республикасымен де әріптестік байланыс орнатқан. Жалпы Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап жалғасып келе жатыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Армения Республикасы Төтенше және Өкілетті елшісі Армен Гевондян, сонымен қатар Қазақстандағы Армения Республикасының бас консулы Анна Вачиянмен ресми кездесті.
«Шымкент қаласы бір миллионнан астам халқы бар, инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның үшінші мегаполисі және экономикалық ірі қалаларының бірі. Бүгінде қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтуде. Мемлекет шетелдік инвесторларды құқықтық қорғау үшін барлық қажетті шараларды қарастырады. Осы орайда шетелдік компаниялардың қаламыздың дамуына үлес қосуы құпталады. Сондықтан бүгінгі кездесу сындарлы ынтымақтастықты дамытады және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа перспективаларын айқындалады деп сенеміз» дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Іссапардың мақсаты – Шымкент қаласы мен Армения мемлекеті арасында екіжақты қарым-қатынасты кеңейту. Бірлескен инвестициялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің инвестициялық әлеуеті мен тартымдылығы туралы ақпарат алмасу.
- Инвестиция тарту – қаланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, мемлекеттік қолдау шаралары аясында біз Армения капиталының қатысуымен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.