Шымкент қаласында кәріз жүйесінің қуаттылығын арттыру жоспарлануда
Шымкент қаласында кәріз жүйелерінің жүктемесін арттыру жоспарлануда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда Шымкент қаласында тәуліктік қуаттылығы 150 мың текше метрді құрайтын қалалық тазарту имараты жұмыс істеп тұр.
Көктем мен күз айларында кәріз тазарту имараттына тәулігіне 160-170 мың текше метр қар мен жаңбыр сулары құйылып, қала сыртына шығарылады.
Тазарту имаратына ауырлық түсіріп тұрған факторлардың тағы бірі - бұл тұтынушылар санының өсуі. Сонымен қатар бас жоспарға сәйкес қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр.
- Қаланың халқы жылсанап өсіп келеді. Таза ауыз сумен қатар техникалық суды тұтынатын тұрғындар да көп. Сол үшін қаланың бас жоспарына сәйкес мегаполистің кәріз жүйесіндегі су бұру мәселесі 2025 жылға дейін шешімін табуы тиіс. Қазіргі уақатта «Шым Сити» және Тұран шағын ауданында тұрғындардың жалпы саны сексен мыңды құрайды. 2023 жылы бюджет есебінен салынған кәріз желілеріне Самал-1, Самал-2, Солтүстік-Батыс, Қайтпас-1, Қайтпас-2, Оңтүстік шағын ауданы, Қаратөбе тұрғын алабынан барлығы 41 мың жеке үйлер қосылады. Бұл елді мекендерде кәріз жүйесіне қосылатын тұрғындар 264 мыңнан асады. Осыған орай «Еуропалық Даму және қайта құру Банкінің «Жасыл қала» бағдарламасы аясында кәріз тазарту имаратының қуаттылығын тәулігіне 50 мың текше метрге қосымша кеңейту мақсатында арнайы жоба мақұлданды. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік сараптамадан өткен жобалы-сметалық құжаттама әзірленді, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкент қаласы әкімдігінде өткен жылдың қыркүйек айында келісімшартқа қол қойылыпты. Ол жобаның құны – 3,5 миллиард теңгені құрайды. Жобаны ЕҚҚДБ қаржыландырады, қолдау қаражаттары 1,75 миллиард теңге мөлшерінде, ал мемлекеттік қолдау 1,75 миллиард теңге. Кешенді жаңа технологиялық нысанның құрылысы екі жылға жоспарланған.
Қала әуімінің айтуынша, жаңа кешен іске қосылса, шаһардағы кәріз жүйесінің жұмысы біршама жақсара түспек.