Шымкент қаласындағы Сәуле шағын ауданында табиғи газ тарту мен жаңа саябақтың құрылысы жүргізілуде
Шымкент қаласында шағын аудандардың инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, ондағы халық таза ауыз су, көгілдір отын мен инженерлік инфрақұрылымның игілігін көре бастады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жақында Сәуле шағын ауданындағы 276-орамда газдандыру құрылысы аяқталып келеді екен.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекенді аралап, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын өзі қадағалады. Мердігерлер аталған орамға 28 шақырымдық газ құбырын тартуда. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстың көлемі 98 пайызды құрайды. Алдағы күндері «ҚазТрансГаз» мекемесі техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын бастамақшы. Өндірістік кестеге сәйкес газдандыру жұмыстары осы айда аяқталады. Нәтижесінде 1263 абонент көгілдір газбен қамтылады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты мерзімінде аяқтап, тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Жалпы, қала елдімекендерін табиғи газбен қамту бойынша жасалған кешенді жоба аясында биыл Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га елдімекендерін газдандыру жоспарланған. Алдағы жылы Ынтымақ-2 елдімекеніне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес 2023 жылы көгілдір газбен қамту көрсеткішін 94 пайыздан 96 паызға жеткізу көзделуде.
- Бұдан бөлек, Сәуле шағын ауданының абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына да көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда бұл шағын ауданда жалпы алаңы 2,5 гектар аумақты алып жатқан жаңа саябақ бой көтеруде. Жылдан жылға жергілікті халық саны артып келе жатқан Сауле шағынауданына саялы саябақ керек, - дейді қала әкімі.
Қала әкімі жауаптылармен бірге саябақтың құрылыс жұмыстарын қадағалап, жобаның жүзеге асырылуын пысықтады. Нысан құрылысын «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 2,5 гектарды алып жатқан заманауи демалыс аймағында жасанды газон, көгалдандыру алаңы қарастырылған. Жоба бойынша мұнда 900 шаршы метр асфальт және өрнектас жабындысы салынады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға саябақтың құрылысын өндірістік кестеге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ заманауи демалыс аймағын халыққа қолайлы етіп, озық үлгіде жасақтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.