Шымкентте күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандарды жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделген
Шымкент қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім мекемелерін жаңа оқу жылына тапсыру талабы қойылып отыр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қалада жаңа оқу жылы қарсаңында берілетін білім ғимараттарының күрделі жөндеу құрылыс жұмыстары қарқын алған.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов тиісті басқарма басшыларымен бірге қаладағы мектептерді аралап, соның ішінде Ынтымақ шағын ауданындағы №54 жалпы білім беретін орта мектебінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Салынғанына 10 жыл болған ғимарат қолданысқа берілгелі енді күрделі жөндеуден өткізілуде екен. 900 орындық нысанның құрылысы маусым айында басталған. Осыған дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Дегенмен жоспар бойынша ол нысан өндірістік кестеге сәйкес қараша айында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілуі керек болатын.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласын дамытуға басымдық беріп отырғаны белгілі. Оқушылардың жақсы білім алуы үшін де олардың білім алатын ортасы заман талабына лайық болуы керек. Сол үшін де бүгінде білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға басымдық берілуде. Сол жоспарға енген №54 жалпы білім беретін орта мектептің құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мүмкін болса оны жаңа оқу жылына дейін құрылыс жұмысын аяқтап, пайдалануға беру де көзделіп отыр, - дейді қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлы онда жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен сапаға басымдық беріп, оқушылар қауіпсізідгін қатаң ескеруді тапсырды. «Биыл білім саласында қаламызда жалпы 9 білім мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықтап беру көзделіп отыр», дейді қала әкімі.