Шымкент қаласындағы газдандыру жұмыстары 6 нысанда жүргізілуде
Шымкент қаласындағы шағын аудан тұрғындарын табиғи отынмен қамту жұмыстары жоспарлы жүзеге асырылуда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қалада жоспарға сәйкес елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы құрылыс жұмыстары 6 нысанда жүргізілуде.
Атап айтсақ, олар – Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле шағын аудандарында, Солтүстік саяжайжәне Бозарық экономикалық аймағында жалғасуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Осы ретте жақында Ынтымақ шағынауданында да газдандыру құрылысы басталды. Оның мердігері «Алия-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі таңда ондағы құрылыс жұмысының 10 пайызы ғана атқарылған. Жоба бойынша газ құбырларының ұзындығы 76,42 шақырымды құрайды. Нысан толық пайдалануға берілгенде 4534 тұрғын үй табиғи газға қосылады. Өдірістік кестеге сай газдандыру құрылысы келесі жылы аяқталып, елдімекен халқы орталықтандырылған желіге қосылады, - дейді қала әкімі.
Бүгінгі таңда Тұран ауданы аумағындағы Арғымақ елдімекеніне табиғи газ жеткізіліп отыр. Былтыр Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылыс жұмысы толық аяқталған болатын. Техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерде абоненттеу жұмыстары жалғасып, нәтижесінде 564 абонент табиғи газға қосылды.
Сонымен қатар, Ынтымақ-2 шағын ауданын табиғи газбен қамту мақсатында мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша құрылыс 2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ 1, 2 кезең құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаржы толық қаралған жағдайда 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.