Шымкент қаласында жеке кәсіпкер өз мектебін ашты

Oinet.kz 13-08-2023 323

Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе жастардың төмен пайызбен несие рәсімдеп, өз кәсібін ашуға қолдау бар. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

Screenshot_4.jpg

Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 278 құжат қаралып, 129 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 85 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін жүргізуде.

- Мемлекет басшысы Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта несиеге қол жеткізген, екінші деңгейлі банктердің сүйемелдеуіне ие болған бизнес өкілдері аз емес. Біз үшін әрбір жобаның іске асырылуы маңызды. Ол біріншіден қала халқының әлаухаты мен экономикасының артуына мүмкіндік берсе, екіншіден салыққа қосымша қаржы құйылады. Біз кәсіп бастаймын, инвестиция әкелемін, жұмыс орнын ашамын деген кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді жас кәсіпкерлер қатары артып отыр, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауы аясында қала тұрғындары Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова Тұран шағын ауданынан «OSSA» өнер мектебін ашып отыр. Олар жастарға арналған 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, өз істерін бастау үшін музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмелермен қамтуда. Ұстаздар құрамы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған. 

- Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезеңде сенімсіздік басым болатын. Бірақ, қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз - дейді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова. 

Шымкент қаласындағы халықаралық бағыттағы А-2 магистралды жол құрылысы 65 пайызға аяқталды
Шымкент қаласындағы газдандыру жұмыстары 6 нысанда жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу