Шымкент қаласында жылу жүйелері жаңғыртылуда
Шымкент қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазақта «Қыс арбаңды жаз сайла, жаз арбаңды қыс сайла» деген жақсы сөз бар. Осы сөзді басшылыққа алған қала билігі бұл жауапкершілігі зор науқанға дайындықты қазірден-ақ кірісіп кеткен.
Жылыту маусымы басталмас бұрын бірінші кезекте жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерінің дайындығын тексеру және жасырын ақауларды анықтау үшін жылумен жабдықтау жүйелерін байқап көру қажет. Тұрғын үйлерді сапалы жылумен жабдықтау үшін жылумен жабдықтау мен ыстық судың барлық құбырларының жылу оқшаулауын тексеру, реттеу арматураларын тексеру және жөндеу жұмыстарын жүргізу мен термометрлердің техникалық жай-күйін тексеру аса маңызды.
Бұл ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қыста халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазір қала аумағындағы дербес қазандықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Жуырда сол жылу жүйелерінің алдағы дайындығын өзі аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар нысанда болып, жылу маусымына дайындық шараларын да пысықтап алған болатын.
- Бүгінгі таңда энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен «Қуатжылуортталық-3» мекемесі арасындағы келісім шартқа сәйкес қаладағы 16 нысанда жалпы ұзындығы 8,76 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу жүйелері ауыстырылуда. Гагарин көшесінде жалпы ұзындығы 1500 метр құбырлар жаңартылуда. Осыған дейін мұнда 340 метр желі ауыстырылған. Ал 18 шағынаудандағы Ерімбетов - Рысқұлов көшелерінің қиылысында жалпы ұзындығы 808 метр құбырды демонтаждау жұмыстары атқарылуда, - дейді қала әкімі.
Аталған аумақтарда жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары өндірістік кестеге сай атқарылуда. Шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға жылу жүйелеріндегі барлық ақаулықты ретке келтіріп, жылу маусымына дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды.