Шымкент қаласындағы конгрес холл ғимаратының құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған

Oinet.kz 29-07-2023 208

Шымкент қаласында салынып жатқан халықаралық деңгейдегі Конгрес-холлдың құрылыс жұмыстары бүгінде 80 пайызға аяқталған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымсити шағын ауданынында бой көтерген заманауи мәдени орталықтың құрылыс барысымен танысты.  

Screenshot_19.jpg

Қала әкімі онда осыған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, жауаптыларға орталықтың сапасы мен мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 250 адам жұмылдырылған. Қазір мұнда әрлеу жұмыстары басталған. Конгресс-холл  жаңаша, көп функциялы мәдени және ойын-сауық нысаны ретінде биыл қазанда пайдалануға беріледі. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында алдымызға қойып отырған талаптар кезең-кезеңмен қаламызда шешімін тауып келеді. Білім, денсаулық, өнер мен мәдени орталықтардың бүгінгі жағдайы бұрынғыға қарағанда жақсара түскен. Біз оқушылардың білім алуымен қатар, бос уақыттарын тиімді пайдалануы, мәдени іс-шараларға еркін қатысуы үшін де бар жағдайды жасаудамыз. Атап айтсам, алдағы 2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы осындай мәден іс-шара өткізетін орталықтар санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына, мәдени іс-шараларға қатысуына жол ашатын болады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. 

Заманауи ғимарат екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық  конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелер де бірінші блокта қарастырылған. 

Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, қолөнер шеберлерінің шеберханалары, оның ішінде тоқу шеберханасы, керамикалық бұйымдар, ағаш, тері, киіз, зергерлік бұйымдар шеберханалары орналастырылған. 

Шымкент қаласында 50 қайта өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеуде
Шымкент қаласында төрт елдімекенді инфрақұрылыммен қамту үшін құжаты дайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу