Шымкент қаласында 50 қайта өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеуде
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатары артып келеді. Әсіресе халық жиі тұтынатын сүт, ет, ұн өнімдерінің өндірісі жандана түскен.
Өйткені бұл азық-түлік түрлеріне деген сұраныстың артуы, жаңа кәсіп орындардың ашылып, өнім өндірісін жолға қоюға өз септігін тигізуде.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін ұн, макарон, ірімшік, сары май, айран, жұжық, консерв өнімдерін өндіретін кәсіпорындар көптеп ашылып, жұмыс істеуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында биыл қаламызда үш сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Қазіргі таңда, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп қатты ірімшік пен сары май өндіруші 8 кәсіпорынға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл сайын қуаттылығы артып келеді, - дейді қала әкімі.
Жалпы бұл салада табысты жұмыс істеп, бүгінде жұмысын жүйелеп, жолға қойған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бірі – «BIO Food kz» компаниясы. Бүгінгі күні экспорт бағытында ірі жобаларын ұсынып отырған Базарқақпа елді мекенінде орналасқан сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын «BIO Food kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда кеңейіп жатқан зауытта 20-дан астам адам тұрақты жұмысшы істейді. Мұнда күніне 25 тоннадан астам сүт қайта өңделіп, қатты ірімшік және сары май өнімі өндірілуде. Өндірілген өнімдер бүгінде қала аумағында және еліміздің өзге де өңірлерінде сатылуда. Алдағы уақытта тауарларды Өзбекстан мен Араб Әмірліктеріне экспорттау жоспарлануда.