Шымкент қаласында биыл төрт жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі
Шымкент қаласында бірқатар жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жаңа білім ордалары бүгінде Сайрам, Базарқапқа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағын ауданында бой көтеруде.
Соның ішінде жуырда қала әкімі Сайрам тұғын алабындағы «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылыс жұмысының барысымен танысқан болатын.
Екі мың орындық «Астана» жалпы орта мектебі 3 қабаттан тұрады. Мұндағы нысанның құрылыс жұмыстары наурыз айында басталған. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі үш мың орынға арналған, оның да ғимараты үш қабаттан тұрады. Қос нысан да уақыт талабына сәйкес заманауи үлгіде бой көтеруде.
Қос нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда. Бүгінде құрылыс жұмыстардың 90- 95 пайызы аяқталған. Озық үлгіде салынған білім ошақтары қыркүйекте оқушыларға есіктерін айқара ашатын болады. Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елдімекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
- Жалпы биыл Шымкент қаласында жаңадан 4 мектеп салынып жатыр. Соның ішінде 3 мектеп жаңа оқу маусымына, яғни қыркүйек айына дейін пайдалануға берілсе, Қаратау ауданы Нұрсәт шағын ауданында орналасқан «South Alup» жеке мектебі жыл соңында беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта жұмыс ауқымының 70 пайызы орындалған. Мектеп аумағы 2,8 гектарды құрайды, жалпы білім ордасы1425 оқушыға арналған. Ғимарат үш қабаттан тұрады, мұнда арнайы спорт залы, асханасы, лингофондық, компьютерлік сынып бөлмелері қамтылған. Мектеп жаңа заманауи үлгімен салынуда. Әрі жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған.
«South Alup» жеке мектебіне жақын орналасқан 2 мемлекеттік мектеп бар. Оның бірі 1200 орындық №130 мектеп болса, онда 2066 оқушы білім алуда. Сонымен қатар 1200 орындық №132 мектепте 1762 оқушы білім алады. Қазіргі салынып жатқан «South Alup» мектебі көршілес мектептегі оқушы санының тығыздығын болдырмауға септігін тигізбек. «Яғни, жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешеді, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.