Шымкент қаласында жылына 500 миллион бөтелке алкогольсіз сусын шығаратын зауыт салынады
Шымкент қаласындағы «Бозарық» индустриалдық аймағы жыл санап дамып келеді. Мұнда орналасқан шағын және орта кәсіпкерлер қаланың бизнес ортасының дамуына өз септіктерін тигізуде.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда аталған аймақта қала экономикасына қатысты инвестициялық жобалар іске асырылуда екен. Сол жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған компанияның бірі «Zalal Mowafaq» компаниясы.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жуырда осы инвестициялық жобаны іске қосу мақсатында «Zalal Mowafaq» компаниясының өкілдерімен арнайы кездесу өткізген еді. Кездесуде екі тарап Шымкентте жылына 500 миллион бөтелке алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу, сонымен қатар Шымкент қаласының тұрғындарын 300-ден астам жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарларын талқыланды.
Компанияның Ауғанстанда жеміс шырындары мен энергетикалық сусындарды өндіруде жиырма жылдық тәжірибесі бар. Қазіргі уақытта бұл әлемдік тәжірибеде сұранысқа ие сусын екендігі дәлелденген. Ауғанстандағы алкогольсіз сусындар нарығының 78,4 пайызын иеленуі олардың бұл саладағы жетістіктері мен тәжірибесі мол екендігін көрсетеді. Аталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін «Бозарық» индустриалдық аймағынан 10 гектар жер телімі берілген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Елдегі бизнес нысандарды дамыту үшін инвесторлар тарту арқылы көп жобаларды жүзеге асыруға да көзделген. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында өз бизнесін ашып, бізбен жұмыс істеуге ниетті шетелдік компаниялар мен отандық компаниялардың қатары артып отыр. Олар өздерінің тиімді жобаларын ұсыну арқылы өңірдің экономикалық-әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосуда. Біз үшін бұл компанияның жұмысы алкоголсіз өнімдер шығару саласында соны серпін әкеледі деген сеніміміміз бар. Аталған жобаның жалпы құны 7 200 миллион теңгені құрайды. Іске асыру мерзімі 2024 жылға жоспарлануда, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.