Шымкент қаласындағы Елтай тұрғын алқабында жеті көшеге асфальт жабыны төселуде
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыс істеуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінде атқарылып жатқан жол құрылыстары аталған іс-шара аясында іске асырылуда екен.
Нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесін алдымызға қойып отыр. Соның ішінде Мемлекет басшысы ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Біз бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Президентіміз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар қаламызда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылады. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамтуды 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қазір кешенді іс шара аясында Еңбекші ауданына қарасты Елтай тұрғын алабындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Еліксай, Саяқ (Жаңару), Нұрлысай, Қаратас, Ақмоншақ, Нұрсая, Балауса көшелеріне асфальтбетон жабындысының бірінші қабаты төселуде. Орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, Елтай тұрғын алабының жолдары 100 пайызға асфальтталатын болады. Бүгінде жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.