Шымкент қаласында жоғары сұраныстағы желатин мен сантехникалық бұйымдар шығаратын зауыт салынуда
Шымкент қаласындағы «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалық аймағында тың жобалар қолға алынуда. соның бірі желатин өндірісі болса, келесісі сантехникалық бұйымдар шығару.
Оларға жеке дара тоқталар болсақ, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қалада алдағы уақытта желатин өндірісі қалыптасатын болды. Жалпы Қазақстанда тамақ, косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өз өнімдерін өндіру үшін желатинді тек шетелден алдыртады екен. Сондықтан желатин еліміздің нарығында сұранысқа ие шикізаттың бірі.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында қаладағы «Бозарық» индустриялық аймағында желатин өндіретін зауыттың іргесі қаланады. Қытай инвесторларымен бірлесе қолға алынған жоба құны 4, 5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғанда 120 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 20 тонна желатин өндірілмек. Зауыт құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған, - дейді қала әкімі.
Жалпы «Бозарық» индустриалдық аймағында 3-5 гектар жерді алып жатқан жобаның жүзеге асырылуы мақсатында мұнда барлық қажетті инфрақұрылым жүйесі кіргізілген. «Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамтуды арттыра отырып, шағын бизнесті дамыту, сол арқылы экономика салаларын әртараптандырудың орта бизнес-драйверін қалыптастыру мүмкіндігіне ие боламыз», дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Ал «Жұлдыз» индустриалдық аймағында алдағы уақытта сантехникалық бұйымдар шығаратын зауытты іске қосу көзделген. Дәлірек айтқанда, бүгінде қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына байланысты нарықта сантехникалық бұйымдарға деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Осы мақсатта миллион тұрғыны бар мегаполисте алдағы уақытта сахтехникалық құралдар мен бұйымдар өндіретін зауыт қосу жобасы жүзеге асырылмақ. Зауыт «Жұлдыз» индустриалдық аймағындағы 4 гектар жерде орналасқан.
- Аталған аймақтағы нысан тиісті инфрақұрылыммен қамтылатын болады. Сондай-ақ, зауыт жылына 40 мың дана жуыну ваннасын және 40 мың қол жуғыш құралдарын шығаруға қауқарлы. Зауыт іске қосылған жағдайда 30 адам жұмысқа тартылады. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды, сонымен қатар 2024 жылы іске қосылады деп күтілуде, - дейді қала әкімі.