Шымкент қаласында «Іскер қала» жобасы аясында 215 жоба іске асады
Шымкент қаласында іске асырылатын инвестициялық жобалар қатары артып келеді. Бұл жобаларды шаһардағы индустриалды аймақтарда жүзеге асыру жоспарланған. Олардың кейбірі іске асырылып жатса, енді бірінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Енді бірінің жобасы штап отырысында қаралып мақұлданып, жер телімдері берілуде. Ал қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен қолға алынған «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Іскер қала» жобасы да өз тиімділігін беруде. Жалпы биыл «Іскер қала» жобасын жүзеге асыру аясында 1,4 миллиард теңге бөлінген.
Бүгінгі таңда қалада ерекше креативті бизнес идеясы немесе аяқтан тұруды қажет ететін кәсібі бар бастамашыл 215 жобаға 516,3 миллион теңгенің қолдауы көрсетілді. Оның ішінде шағын несиелендіру бойынша 497,8 миллион теңгені құрайтын 204 жоба, жалдау ақысын өтеу бойынша 18,5 миллион теңгені құрайтын 11 жоба бар. Жалпы атап өтерлігі, Шымкент қаласы кәсіпкерлік саланы дамыту бойынша елімізде алдыңғы озық қалалардың қатарында.
- Сондай-ақ, бір атап өтерлігі, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасының ерекшелігі жас және әйел кәсіпкерлер үшін жылдық 1 пайызбен 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Сонымен қатар, өнеркәсіптік парктерді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге тоқтап тұрған өндірістік кәсіпорындардан өнеркәсіптік алаңдар беріледі. Өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер алуға болады, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан бөлек, «Іскер қала» жобасы аясында индустриалдық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар да аз емес. Ол жобалар өткенде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында да бір пысықталып, бекітілген болатын. Жалпы осы жылдың екінші жарты жылдығында қолға алынатын жобалар қатарында тың жүзеге асырылатын жобалар аз емес.
Атап айтсақ, биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың бірі тұрғын үйлердің қасбетін жасауға арналған материалдар шығаратын зауыт, сантехникалық бұйымдар жасау зауыты, мұнай қалдықтарынан шығарылатын сұйық битум шығаратын зауыт құрылыстарын бастау. Барлық жобалар мегаполистегі индустриялдық аймақтарда іске асыру көзделген. Сонымен қатар кондитер өндісі және қағаз өндіру цех құрылысының жобасы да мақұлданған.