Шымкент қаласында жаңа оқу жылында бірнеше мектеп есігін айқара ашпақ

Oinet.kz 22-07-2023 231

Жаңа оқу қарсаңында қала аумағында бой көтерген жаңа мектептер саны артуда. Соның барлығының құрылыс жұмысын қала әкімі Мұрат Әйтенов өзі қарап, бақылап отыр. Жуырда қала басшысы сол мектептердің құрылыс жұмысымен танысып, аралап шықты. 

Screenshot_6.jpg

Қала әкімі Мұрат Әйтенов алдымен Ақжайық шағын ауданында бой көтеріп жатқан «Abylaikhan innovative school» мектебінің құрылыс жұмысымен танысты. 650 орындық, төрт қабаттан тұратын білім ошағы жаңа заманауи үлгіде салынуда. Оның жалпы жобалық құны 3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда мектептің құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Оны жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа мектепте оқушылардың білімін арттыру мақсатында білікті педагогтар қабылдануда екен.  

Бұдан кейін қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Д.Қонаев даңғылы бойында орналасқан «Сұңқар» жаңа мектебіне бас сұқты. 850 орынға лайықталып салынған мектеп құрылысы 12 ай бойы жүргізілген. «Сұңқар» мектебінің жанында 1580 орындық №1 мектепте қазір 3228 оқушы білім алуда, көршілес 1476 орындық №47 мектепте 1977 оқушы білім алып жатыр. Сондықтан жеке мектептер мемлекеттік мектептегі оқушы жүктемелерін азайтуға септігін тигізбек. 

Жаңа оқу жылы қарсаңында бой көтерген білім ордасының бірі Шымкент Сити шағын ауданында 2,8 гектар көлемді алып жатқан  «Seitzhan school» жекеменшік жалпы орта мектебі. Қала әкімі Мұрат Әйтенов 900 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс жұмыстарымен де танысқан болатын. Бүгінгі таңда бұл мектептің де құрылыс жұмыстары 95 пайызға  аяқталып отыр екен. 2021 жылы басталған құрылыс жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. 

«Seitzhan school» мектебі жаңа шағын ауданда орын тепкендіктен, мұнда салынып жатқан биік, көп қабатты тұрғын үйлердің көптігіне байланысты оқушы саны да басым болмақшы. 

Дегенмен, жаңа мектептің жанында көршілес 1200 орындық №89 жалпы орта мектебі орналасқан, бұл жерде 2408 оқушы білім алады. Сонымен қатар 1200 орындық №135 орта мектеп те осы шағын ауданда, мұнда 1886 бала білім алады. 

Айта кетейік, «Seitzhan school» мектебі балалардың пәндік оқыту сабағынан бөлек, түрлі үйрімелерге баулитын қосымша сабақтар кабинеті, бассейн және кең спорт залымен, асханамен қамтылған. Жаңа заманға сай технологиядық құрылыс материалдары, ерекше дизайнмен салынған мектеп есігі оқушыларға айқара ашық. 

Осылайша жаңа оқу жылында қалада ондаған жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайындалу үстінде. 

Шымкент қаласының жас кәсіпкері 60 адамды жұмыспен қамтып отыр
Шымкент қаласында әйелдер құқығын қорғау жайы сөз болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу