Шымкент қаласының жас кәсіпкері 60 адамды жұмыспен қамтып отыр
Шымкент қаласында жас кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Ұлттық жоба аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашып, бизнесін үлкейтіп, тұрақты жұмыс орнын құрған жастардың қатары жүздеп саналады екен.
Соның бірі қала тұрғыны «NAPPА» атауымен танылған, табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім өндіретін шағын цехтың иесі Маметин Исабаев.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келетініне тоқталып, үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн деді. «Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», деді Президент. Бұдан бөлек, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінгенінде жеткізген. Осы орайда, қалалық жастар орталығы жастарды кәсіп ашуға баулу мен ынталандыру мақсатында тұрақты жұмыс атқарып келеді, - дейді қала әкімі.
Бүгінде өз кәсібін жолға қойған Маметин Исабаев аяқ киім тігумен бес жылдан бері айналысып келеді. Оның «NAPPА» атауымен танылған, табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім өндірісі бүгінде халық тарапынан жоғары сұранысқа ие. Жалпы бұл кәсібін дөңгелетіп отырғанына 5 жылдан асқан кәсіпкер, осы жылдар аралығында 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған.
- Аяқ киімге қашанда сұраныс бар. Тапсырыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Сұраныс болғандықтан да, мен аяқ киім өндірісін қолға алдым. Бүгінде өндіріс орнымның ауқымы кеңейіп, жұмысым күннен-күнге ілгерілеп келеді. Кәсіп бастау ниетінде жүрген жастарға айтарым, тәуекелшіл бола білу қажет дер едім, - деді жас кәсіпкер Маметин.