Шымкент қаласында жеңіл өнеркісіпке ерекше басымдық берілуде
Шымкент қаласындағы экономикалық индустриалды аймақта кәсіпкерлік салада даму бар. Әсіресе жеңіл өнеркәсібі саласы дамып келеді. Кеше қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы экономикалық индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Оның айтуынша қазіргі таңда индустриалды аймақтар инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтылуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Сондай-ақ Президент республикамыз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуі керектігін тапсырған еді. Осындай мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін мемлекеттік бағдарламалар Шымкент қаласының әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Ұсынылған бағдарламалар мен жобалардың тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде қала тұрғындарының әл-ауқаты артып, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеліп келеді, - дейді мұрат Дүйсенбекұлы.
Жалпы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 миллиард 980 миллион теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 миллион метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығару көзделген. Қазіргі таңда бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде екен.
Бүгінгі таңда жалпы айтқанда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 миллиард теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2 507 жұмыс орны ашылған болатын. Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар.
Мұнда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, «Юг Ойл Про» битум зауыты, автоклавты газбетон өндірісі, ПВХ ішкі және кәріз жүйелерін, үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіру, шыны әйнек шығаратын зауыт, темірбетон өндіру ісі қолға алынған. Жоспар бойынша аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, толық іске қосылуына мүмкіндік беріледі.