Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 25 мектеп салынады
Шымкент қаласында халық көп шоғырланған шағын аудандарда «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа 18 мектеп бой көтермек. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Достық пен Нұр шағын аудандарында 2000 орындық білім ошағы салынуда. Бұл білім ошақтарының құрылыс жұмыстары «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылуда.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағытта өткен жылы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Шымкент қаласы бойынша 18 мектептің жобасы қарастырылған. Жалпы қала аумағында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын 18 мектеп 28 мың орынға арналған. Биылда жоспарымызда осы 18 мектептен бөлек, 12 мектептің құрылыс жұмысын бастап, келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Яғни 12 мектептің 8-і бойынша келісім шарттар рәсімделіп, бүгінде 6 мектепте құрылыс жұмыстары басталып кетті, - дейді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласына ерекше басымдық беріп келеді. Білім нысандарының санын ұлғайту мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынған болатын. Бұл жоба аясында биыл Шымкент қаласында 18 білім ошағын салу жоспарланса, жалпы 25 мектеп салу көзделген.
Президентіміз Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырылған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда.
Қазір таңда Шымкент қаласында құрылыс жұмысы жүргізілетін мектептердің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда, жер телімдері де берілгеніп қойылған. Жоба аясында қалада 25 мектеп, ал республика бойынша 369 жалпы білім беру мекемелері салынады деп жоспарланған. Биыл Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп құрылысын салу жоспарланса, алдағы жылдары оның саны 25 білім ошағына жеткізілмек.