Шымкент қаласында спорт үйірмелері көптеп ашылуда
Шымкент қаласында спорттың жекелеген түрлерін, сонымен бірге кәсіби спортты дамыту шарлары жүйелі жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қалада спорт мекемелері, спорттық тапсырыс жобасы аясындағы ұйымдар, спорт түрлерінен әуесқой клубтары және жергілікті федерациялары тарапынан спорт секциялары ашылып, жұмыс істеуде.
- Биыл Шымкент қаласында бұхаралық спортты дамыту мақсатында үлкен жобалар қолға алынған. Осы жылдың өзіндежеке инвесторлар арқылы «SHootting plaza» әмбебап ату кешені іске қосылды. Одан бөлек, «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром құрылысы», «Металлург» стадионын реконструкциялау» құрылыс жұмыстары, Бозарық-3 шағын ауданындағы қалалық №20 спорт мектебінің спорт ғимаратының құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін №12 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жоспарланған. Жалпы өңірде тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін бар жағдайлар жасалуда. Бүгінде қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 498 852 адамға жетіп, 42 пайызды құраған. Сонымен қатар Ұлттық және ат спорт түрлері кешенді спорт клубында «Дәстүрлі садақ ату» спорт түрінен спорт секциясы ашылып, 20 жасөспірім жаттығуға тартылды. Шымкент қаласының «Дәстүрлі садақ ату» федерациясында дәстүрлі садақ ату спортын дамыту үшін үйірмелерде 100-ге жуық бала қатысуда, - дейді қала әкімі.
Қазіргі таңда шаһарда жан басына шаққандағы спорттық секцияны қаржыландыру бағдарламасы аясында 20 спорт түрімен 16790 жуық бала спорт үйірмелермен қамтылған.
Шымкент қаласының шахмат федерациясы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе шахмат спортын жалпы орта мектептерде жүргізу мақсатында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 36 сағатты қамтитын семинар өткізіліп, 324 мұғалімге сертификат тапсырылған. Сондай-ақ мектептерде ашылған шахмат үйірмелеріне 20 мың бала қамтылып отыр. Ал, кәсіпкерлер тарапынан ашылған ұйымдар мен орталықтарда 1000 бала шахмат секциясында шеберліктерін арттыруда. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін қала аумағындағы саябақтарда арнайы шахмат үстелдері мен алаңы орнатылған.
Сонымен қатар, қала аумағында жеңіл атлетика спортын дамыту және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында жеке кәсіпкерлер және тағы басқа ұйымдардың қызметкерлерінен құралған «Әуесқой жүгірушілер» клубтары жұмыс істеуде. Онда 400-ге жуық шұғылданушыға білікті мамандар арнайы жаттығу жұмыстарын өткізуде. Спорт түрлерінің дамуына қаланың әрбір тұрғыны өз үлестерін қосып келеді.