Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағын ауданында спорт алаңшалары салынуда
Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында №105, 106, 107, 108 көпқабатты тұрғын үйлер ауласы абаттандырылып, көгалдандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тың айтуынша, бүгінгі таңда қала аумағында бұқаралық спорт түрлерін дамытуға жақсы көңіл бөлінген.
- Бүгінгі таңда халықтың сұранысына қарай қаламыздың барлық шағын аудандарда спорт алаңдары салынуда. Өздеріңіз жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында білім, денсаулық пен спорт салаларына басымдық беріп отыр. Бүгінде қалада құрылыс жұмыстары басталған, бой көтеріп жатқан спорт нысандары мен алаңшалар еліміздің ертеңі жастар үшін салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен де тоқтап қалмақ емес. Алда көпқабатты тұрғын үйлердің маңайында да ашық спорт алаңдарын мүмкіншілігінше көптеп салу жоспарымызда бар. Бүгінгі таңда Нұрсәт шағынауданындағы №105, 106, 107, 108 көпқабатты тұрғын үйлер ауласыда салынып жатқан спорт алаңшалары жастардың бұқаралық спортпен шұғылдануына жол ашады деген сенімдеміз. Жалпы қаланың қайсыбір шағын аудандары болсын ешбірі назардан тыс қалмайды. Барлығы спорт алаңшаларымен, ойын алаңдарымен қамтылады, әрине бәрі бірден бола қоймас, бірінде бұрын салынса, енді бірінде салынып жатыр. Келесілерінде жоспарлануда, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкент қаласының әкімі Нұрсәт шағынауданындағы салынып жатқан спорт алаңшаларын сол салаға жауапты мамандармен бірге абаттандырылып жатқан аулаларды аралап, жұмыстардың барысын пысықтады.
«Биыл бұл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл соңына дейін 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Алаңшалар Тұран, Нұртас, Таскен және Өтеміс тұрғын алаптары мен елдімекендерінде салынады. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жөндеу жүргізіліп, балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылатын болады» дейді өз сөзінде қала басшысы.
Құрылыс жұмысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерлерге ең алдымен балалар қауіпсіздігін ескеріп, тұрғындарды жайлылығы үшін құрылысты тиісті талаптарға сай жүргізуде тапсырды. Алаңшаларды орнатуда жергілікті тұрғындардың да ұсыныстарын ескере отырып, нысандарды өндірістік кестеге сай қолданысқа беруді ескертті.