Шымкент қаласында алғаш рет «SHYMKENT FEST» жобасы бастау алды
Шымкент қаласында қалалық әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі «Жастар ресурстық орталығы» камуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қалада алғаш рет «Shymkent fest» жобасында жастар арасында көше спорт түрлерінен, мәдениет-өнерден семинар, мастер-кластар мен байқаулардың салтанатты ашылуы өтті.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлының айтуынша, «Shymkent fest» жобасы - жаз мезгілінде қала жастарының бос уақыт тиімді ұйымдастыруға бағытталған. Сонымен қатар көше спорт түрлерін жастар арасында кеңінен дәріптеу және салауатты өмір салтын ұстануға баулу көзделген.
- Екі айға созылатын фестиваль аптаның соңғы күндері түрлі бағытта ұйымдастырылады. Тарқата айтқанда, үстел теннисі, экстремалды спорт түрінен арнайы шоу, суретші жастар мен жасөспірімдер арасында заманауи сурет салу, ашық аспан астында кинокөрсетілім, көркемсөз оқу шеберлерінің поэзия кеші секілді түрлі кештер өтетін болады. Ал, 25 тамыз күні «Арбат» демалыс аймағында балмұздақ фест, арнайы гала концерт, барлық жоба қатысушылары арасында көрсетілімдер, ұлттық қолөнер көрмесі мен аукцион ұйымдастырылып, «Shymkent fest» жобасының салтанатты жабылуы өтеді, - дейді Серғазы Кәрімұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында жастар қаза тазалығына да өз үлестерін қосты. Яғни, қоршаған ортаны таза ұстау, қаланың ажары мен келбетін сақтау әр адам баласының мақсаты мен міндеті. Осы орайда жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Birgemiz: Тaza Aula» жалпыұлттық жобасы аясында қаланың ерікті жастары А.Байтұрсынов пен Түркістан көшесі қилысының аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мақсат – айналаны қоқыстан тазартып, жастарды салауатты өмір салты мен өздері тұратын аулаларды таза ұстауға баулу. «Тазалық саулық негізі» дегендей, жастар қоршаған ортаның тазалығына мән беріп, ерікті түрде белсенділік танытып, игілікті істердің үлгісін көрсете білді. «Алдағы уақытта да осындай иігі шаралар өнер фестивалімен қатар ауқымды түрде жүргізіліп тұратын болады» дейді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.