Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтың дамуына Ресейліктер де инвестиция салуда
Шымкент қаласының индустриалдық аймағы жылсанап дамып келеді. Онда инвестиция салып отырған Ресейлік инвесторлар да аз емес. Атап айтсақ, қазіргі таңда еліміздің мегаполисі Шымкент қаласы мен Ресей мемлекеті арасындағы экономикалық байланыстың арта түскенін салынып жатқан зауыттардың жұмысынан аңғару қиын емес.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр екен. Мәселен, ресейлік «Hevel Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық құны 6,2 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 мегаваттық күн электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асырған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық құны 60 миллион теңгені құрайтын, жылдық жобалық қуаты 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін шығаратын жобаны бастап кетті. Өндіріс орнын биыл іске қосу көзделіп отыр.
Қазақстанның іргелес көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы саяси шешімдері Ресейге салынған санкциялардың теріс әсерін азайтуға және дағдарыс кезіндегі экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашып отырғаны белгілі. Ел басшысының осы уақытқа дейін жүргізген дипломатиясы арқылы Ресеймен қарым-қатынас сақталып отыр. Жалпы Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда тұрақты кездесулер мен ең жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25 пайызға өсіп 8,8 миллиард долларды құраған. Мұндай байланыс ең алдымен еліміздің экономикасын көтеріп, зауыттар қатарын арттыруға мүмкіндік беруде. Сол үшін де ресейліктер Шымкент қаласын таңдаған сыңайлы. Өйткені мұнда бизнесті дамытуға барлық мүмкіндіктер қаралған. Ол отандық және шетелдік инвесторларға да тиімді.
- Президентіміз Жолдауында инвестиция тарту арқылы өңірдің экономикасын көтеру, жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту бағытында айтқан міндеттері орындалуда. Еңбастысы бүгінгі таңда Шымкент қаласына қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар көп. Біз Қытай және Ресей инвесторларымен табысты жұмыс істеудеміз. Қытай инвесторларымен төрт зауыттың жобасы іске асырылуда. Сол сияқты Ресей инвесторларымен де бірнеше жоба қолға алынған. Атап айтар болсақ, бүгінгі күні индустриалды аймақта Ресей мен отандық бизнес өкілдерінің қатысуымен «Гекса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алуды ниет етіп отыр. Өндірістің жылдық қуаттылығы 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығару. Бұл жобаны инвесторлар биыл жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, инвестициялық құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы 300 мың шаршыметр темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарлануда. Мұны жүзеге асыратын Ресейлік «ДСК 17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыт құрылысы 2024 жылы аяқтап, іске қоспақ. Бұл жобалар іске асқан сәтте жүздеген жұмыс орындары құрылатын болады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Осылайша Шымкент қаласындағы индустриалды аймақ шетелдік инвесторлар мен отандық бірлескен компаниялардың арқасында жүзеге асырылып, қала экономикасы жыл санап артып келеді.