Шымкент қаласының Ынтымақ-2 елдімекенінің алда көрер игілігі мол
Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағын ауданынның халық саны күн санап көбеюде. Қазіргі таңда бұл аудан халқының саны 11 мыңға жеткен.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бұл шағын ауданда 67 көше бар, онда 2800 тұрғын үй орналасқан. Сондай-ақ халыққа мұнда бір орта мектеп, үш балабақша қызмет көрсетеді. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бес ойын алаңшасы салынған.
- Президентіміздің Жолдауында алдымызға қойып отырған міндеттің бірі автомобиль жолдарын жөндеу, халықты таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Мәселен, Ынтымақ-2 аталатын елдімекендегі 67 көше болса, оның жетеуіне асфальт жабыны төселген. Қалған 54 көшеге шағал тас, ал алтауына топырақ төселіп отыр. Бұл көше жолдары да қаланың бас жоспарына енген. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда қалаға қарасты елдімекен жолдарының құрылысын жүргізу, жолдардың қанағаттанарлық жағдайын 100 пайызға жеткізу межесі тұр алдымызда. Бұл жұмыстар біздің назарымызда, үнемі бақылауымызда болады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, қаланың бас жоспарына сәйкес бекітілген жоспарға сай алдағы жылы аталған шағын ауданда 12 көше орта жөндеуден өткізілмек. Атап айтқанда, ол тізімге Қайынды, Дарабоз, Таңнұры, Имантау, Іле, Орда, Жаңақоғам, Сазсырнай, Жоласар, Сарқан, Сарыжаз бен Голд алюминий көшелері енген. Алдағы жылы бұл көшелер жөнделіп, оның игілігін ел көреді деген сенім бар.
Сонымен бірге бұл шағын аудан тұрғындары талшықты интернет желісінің игілігін 2024 жылы көре алады. Бұдан бөлек, спорт алаңшаларын салу мақсатында шағын аудан аумағынан бүгінде жер телімі қарастырылып жатыр. Айта кетейік, елдімекен 100 пайыз электр жарығы және ауыз сумен қамтылған.
Табиғи газ мәселесіне келсек, Ынтымақ-2-ге газ құбырын тарту үшін жоба құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Оны аяқтап тапсыру 2024 жылға жоспарланыпты. Шағын аудан тұрғындары аздаған шыдамдылық танытса, алдағы жылы бірнеше игі істің игілігін көретін болады.