Шымкент қаласының жалпы өңірлік ішкі өнімі артуда
Шымкент қаласының жалпыөңірлік ішкі өнімі жылсанап артып келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, осыдан үш жылы бұрын қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімі 2 триллион 432 миллиард теңге болса, өткен жылы ол 3 триллион теңгеге жеткен, ал биыл ол 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар.
Жалпы қала экономикасының жақсы дамуының негізі өңдеу өнеркәсібі болып табылады. Сонымен бірге кәсіпкерлік саланың да көкжиегі кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен қайта өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып, баға саясатын тұрақтандыруды көздейді.
– Бүгінгі таңда қала экономикасының өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы секілді барлық негізгі секторларында өсу динамикасы байқалды. Соның арқасында қаламыздың жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Шынымен-ақ сан ғасырлық тариқы бар Шымкент қаласының бүгінгі келбеті адам танымастай өзгерген. Шымкент бүгінде жайнап, жаңарып, дамудың даңғыл жолына түскен. Халықтың да еңсесі көтеріліп, баянды болашақ үшін тынбай еңбек етуде. Жалпы қала көрсеткішінің бүгінде артуына, жандануына бірден-бір әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен бес өндірістік аймақта орналасқан. Қазіргі таңда жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, 2 аймақты кеңейту жоспарлануда. Биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталып пайдалануға берілмек.
- Президентіміздің Жолдауда тапсырған басым бағыттарын басшылыққа алып, өңірдің ішкі өнімін арттыру мақсатында шаһардың даму жоспары құрылды. Мемлекет басшысы айтқандай, экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары қатарында жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, кәсіпкерлік және қайта өңдеу өнеркәсібі арасындағы бәсекелестікті дамыту. Мақсатымыз бәріне бірдей мүмкіндік беру. Осы жұмыстарды дұрыс жоспарлау арқылы қаланың жалпы ішкі өңірлік болжамын тиісті межеге жеткіземіз деген ойдамыз, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.