Шымкент қаласында ирригациялық арық жүйелері мен су арналары жаңғыртылуда
Бүгінгі таңда Шымкент қаласының аумағында орналасқан 3 су арнасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қаланың ирригациялық жүйелерін жаңғырту құрылыс жұмыстары кезең кезеңмен жүзеге асырылу үстінде.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында суармалы егістік көлемін 2030 жылға дейін 3 миллион гектар алқапқа жеткізу межесін қойған еді. Қазір мемлекет тарапынан бұл бағытта арнайы бағдарламалар мен жобалар қабылданып, еліміздің барлық өңірінде су көздерін тиімді пайдалану жолдары қарастырылуда. «Ирригациялық жүйелерді салу және қайта қалпына келтіру» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы мен оған қарасты аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Өңірлерді дамыту» тағы басқа да бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде тазаланып жатқан су арналары баршылық.
Атап айтар болсақ, қазіргі таңда бұл бағытта шаһар билігі арнайы жоба дайындап, арық-атыздар мен каналдарды бетондау жұмыстарын бастап кеткен. Аталған құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда Шымкент қаласының Еңбекші ауданында жүргізілуде. Бұл ауданда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарына ондаған техника мен екі құрылыс бригадасы тартылған.
- Ауа-райының қолайсыз, атап айтқанда жауынды-шашынды, нөсерлі күндері қала көшелерін су басып кететін қауіпті сейілту үшін ирригациялық жүйені жаңғырт жұмыстарын қолға алып отырмыз. Қазірдің өзінде Еңбекші ауданы аумағында су басу қауіпі бар 57 мекен-жай анықталып отыр. Оның ішінде өткен жылы 21 көшеге жалпы ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. Биыл 13 көшедегі жалпы ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын арықты жаңғыртуға күш салудамыз, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жоғарыда айтқан ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын 13 көшенің ирригациялық жүйесін жаңғыртуға қазынадан 232,1 миллион теңге қаралған. Бүгінгі таңда тиісті құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Ендігі кезекте қалған 23 көше арығын жаңғырту жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
Қала билігінің айтуынша, бұл аудан аумағындағы су жиналатын орындар бақылауға алынған. Жауын-шашын кезінде мобильді топтар жұмылдырылып, арнайы техникалармен су тартылып отырады екен.
Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстары басталып кеткен 3 су арнасын ретке келтіру жұмыстарына 37 техника бірлігі мен 58 жұмысшы жұмылдырылған.
- Қазіргі таңда аталған су арналарының құрылыс жұмыстары үш бағытта жүргізілуде. Олардың құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда, атап айтсақ, Шапырашты су арнасының күрделі жөндеу жұмыстары 80, Чумчак 98, Сай ниже водопад 95 пайызға аяқталып отыр. Аталған су арналарының құрылыс жұмыстарына жалпы саны 37 техника мен 58 құрылысшы тартылған, - дейді қала әкімі.
Қала билігі мамырдың онынан бастап ағын су беру науқаны басталғалы отырғанын да жеткізді. Аталған су арналарынан ағын су шаруаларға дер кезінде жеткізілмек.