Шымкент қаласындағы №30 бағыт 12 жаңа автобуспен толықты
Шымкент қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар автобустарын уақыт талабына сай жаңартуда. Бүгінгі таңда қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны бір мыңға жуық. 77 тұрақты қалалық бағыт бойынша күнделікті маршруттарға 877 автобус шығады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Соның нәтижесінде Шымкент қаласында қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын компаниялар арасында бәсекелестік артып келеді.
Қазіргі таңда қалада жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Соның ішінде әлеуметтік мәні бар қалалық №30 бағыттағы қоғамдық көлік 12 жаңа автобуспен толығып отыр.
- Қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын жеке компания өкілдері азаматтардың автобус салонында өздерін жайлы сезінуі үшін барлық талапты жасауға күш салуда. Сонымен бірге халық тарапынан жиі түсетін шағым, ол жүргізушілердің мәдениетсіздігі болатын. Бұл мәселе де қала басшылығы тарапынан компания өкілдеріне ескерту жасалып, серіктестіктер оны өз бақылауларына алып отыр. Мұның барлығы да халықтың көңілінен шығу үшін жасалып жатыр. Бүгінгі таңда автобус паркінің жаңаруына басымдық беріліп, жаңа автобустар қатары артуда, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
«King long» маркалы бұл автобустар заманауи әрі соңғы талаптарға сай жабдықталған. Жаңа автобустардың ұзындығы 12 метр, сыйымдылығы 90 жолаушыға есептелген. Бір ерекшелігі, қала ішінде жүрген автобустар сияқты емес, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуі үшін арнайы пандусы бар. Бейнебақылау камералары орнатылған және автоматты құрылғы қойылған.
- Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс істейді. Әрбір автобуста 7 бейнебақылау камерасы, оның төртеуі сыртта, қалғаны салон ішінде орнатылған. Бұл өз кезегінде қалта ұрлығына тиым болады деген сенім бар. Салонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы орын да қаралған. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустар алып келетін боламыз, - дейді қала әкімі.
Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық салаларының барлығына үлкен өзгерістер алып келеді. Себебі ақпараттық технологиялар мен платформалар бизнес үлгілерін түбегейлі өзгертіп, қоғамдық көлікте жолақы төлемі электронды нұсқаға көшірілуде.
Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік жүйесі электронды жүйеде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ең алдымен бұл жүйені жолаушы тасымалында енгізген де осы бағыт болатын. Серіктестік қызметінің негізгі түрі жол жүруді есепке алу мен төлеудің автоматтандырылған жүйесін (АСУОП) және диспетчерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, GPS-мониторинг, Шымкент қаласының маршруттарында жедел байланысты жүзеге асыру болып табылады.
Ол спутниктік мониторингтің осы диспетчерлік жүйесіне қосылған барлық автотасымалдаушылардың жұмысына, атап айтсақ, жылдамдық режимін, қозғалыс кестелерін, аялдамалар мен тұрақтарды, орындалған шеңберлер мен рейстердің санын, желіге шығу және саябаққа оралу уақытын бақылауды қамтамасыз етеді.
- Мониторинг жүйесін енгізумен автобустар, маршруттар, жалпы автобус паркі, сондай-ақ толық қоғамдық көлік бөлімінде автоматтандырылған есеп беру жүйесі пайда болды. Қоғамдық көліктің жұмысы туралы есептілік пен ақпарат автоматтандырылған түрде кез келген белгіленген уақыт кезеңіне беріледі. Жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отыр, - дейді шаһар басшысы.
Қазіргі таңда №30 автобус маршруты 10 кесте бойынша Сайрамдықтарға қызмет көрсетеді. Атап өтерлігі, қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары Шымкент қалалық әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісім-шарттар негізінде атқарылуда.