Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үй аулалары абаттандырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар Еңбекші ауданында 283 көпқабатты тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген.
Онда екі жылдан бері абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда.
- Абаттандыру жұмыстары қала ішінде көктем туғалы бері жалғасып келеді. Бір сөзбен айтқанда бұл қалада ежелден қалыптасқан дәстүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткеніні баршаға аян. Президенттің осы тпсырмасына біздің шаһар тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Бүгінге дейін Еңбекші ауданындағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, ойын алаңдары салынды. Бұдан бөлек, тал-дарақ отырғызылып, бау-бақшалар бой көтеретін болады, - дейді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.
Уақыт талабына сай көшелерді, жаяу жүргінші жолдары мен саябақтарды жарықпен қамту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы алты көшеге жаңадан жарық жүйесін орнату көзделген. Жыл соңына дейін аудандағы аулалардың жетпіз пайызы жарықтандырылады деп болжануда.
Осы аудан бойынша алдыңғы жылы 41 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары салынса, өткен жылы 75 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы көріктендірілген. Сонымен қатар 11 кешенді балалар ойын алаңы салынған. Сондай-ақ, биыл 35 көпқабатты тұрғын үй ауласы және 4 кешенді балалар ойын алаңшаларын құруға қаржы қаралып, абаттандыру жұмыстары басталған.
Соның ішінде Еңбекші ауданында былтыр 18 көше жарықтандырылса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандарға жақын орналасқан 22 көше жарықтандырылған. Ал биыл 28 көшені жарықтандыру жоспарланған.
Сонымен қатар өткен жылы су алу қаупі жоғары 21 мекенжайға ұзындығы 7 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар орнатылды. 2023 жылы 13 көшеге 6 шақырым ирригациялық арықтар орнату жұмыстары басталған. Қалған 23 көшеге ирригациялық арықтар орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған.