Шымкент қаласында екі оқушылар орталығы салынуда

Oinet.kz 18-05-2023 232

Қала әкімі  М.Әйтеновтың айтуынша, Нұрсат шағын ауданындағы жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын оқушылар сарайының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Оны үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарлануда екен. 

Screenshot_7.jpg

Ал  Тұран шағынауданында салынып жатқан оқушылар сарайының жалпы құны 9,4 миллиард теңгені құрайды. Нысанның құрылысына биыл қалалық бюджеттен 936,6 миллион теңге қарастырылған. Оның құрылыс жұмысы екі жылға жоспарланған. Нысан 2024 жылға өтпелі болғандықтан алдағы жылы пайдалануға беру көзделген.

- Қалаға қарасты білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы қарашада бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында іске асырылуда.  Іс-қимыл жоспарында Мемлекет басшысы балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салу жөнінде жергілікті басқару органдарына тапсырма берген болатын. Оның ішінде оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, балалар технопаркі, музыка және көркемсурет мектептері сынды нысандарды салу мәселесі көтерілген. Осыған байланысты Шымкент қаласында бірқатар жоба жүзеге асырылуда, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов. 

Биыл бір оқушылар сарайы пайдалануға беру жоспарланса, екіншісі салынуда, ал 2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарға енгізілген екен. 

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 2021 жылы жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы басталған еді. Бұл нысанның құрылысын да биыл жыл соңына дейін аяқтау міндеттеліп отыр.

«Балалардың заманауи оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтарында білімін дамытуына барлық мүмкіндіктер жасалуда. Сондықтан жоғарыда аталған құрылыс жұмыстары қала әкімдігінің бақылауына алынған. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда шаһарда екі лагерь салу үшін бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Бүгінде құрылыс жүргізу бойынша құжаттары дайындалып отыр» деген қала басшысы Мұрат Әйтенов алдағы жоспарларымен де бөліскен болатын.

Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үй аулалары абаттандырылуда
Шымкент қаласында жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу