Қарияларға сүйеніш болған орталық
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жыл басында берген тапсырмасына сәйкес Келес ауданында «Қазыналы қария – тең қоғам» атты әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылған болатын. Жақында аталмыш орталықта дөңгелек үстел өтті.
Аудандағы кәсіпкерлердің басын қосқан жиынның негізгі мақсаты — жұмысқа икемі бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі сөз болды.
Дөңгелек үстел барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнұр Құралбаева аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалынып жатқан жұмыстар жайлық ақпарат беріп өтсе, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрипа Темірбаева кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға мемлекеттен көрсетілетін және көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды.
Жиын соңынан кәсіпкер Ұлбосын Рүстемова өзі ашуды жоспарлап жүрген тігін цехына тігіншілік қабілеті бар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуды ниет етіп отырғанын жеткізді. Кәсіпкердің бастамасына ауданға қарасты мекемелер өз құзіреттілігі шегінде көмектесетінін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып, нәтижелі жұмыс атқарылатын болады.
Айта кетейік, көктемнің алғашқы күнінде ашылған мекеме егде жастағы қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп келеді. Аудан орталығы Абай ауылынан қоныс тепкен ғимарат заман талабына сай соңғы үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтылған.
Жалпы құрамында 14 қызмет түрін көрсететін орталықтан қызмет алушылар дән риза. Емдік дене шынықтыру, тұз кешені, терапевт кеңесі, шахмат, тоғызқұмалақ, домино, компьютерді, интернетті үйрету курстары, кітапхана, мейіргерлік сүйемелдеу, психолог, массаж, қолөнер, үстел теннисі, бильярд, гимнастика сынды шаралар аталған орталықта ұйымдастырылып қежеттілігіне қарай қызмет атқарады.
– Бүгінгі күнге дейін «Қазыналы қария – тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 250 зейнеткер қабылданды. Оның ішінде ер адамдар саны – 110, әйел адамдар 145-ті құрайды. Күніне жалпы 50 зейнеткерге қызмет көрсету кестесі бекітілген. Зейнеткерлер күнделікті белгіленген кесте бойынша емдік шараларын қабылдап, қызмет алуда, – дейді орталық директоры Айгерім Төлепбергенова.
Орталықта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек, әлеуметтік қызмет алу және жұмысқа орналастыру бойынша көмектер көрсетіледі. Көзі нашар көретін жандарға брайль әдісімен оқытылатын кітаптар ұсынылған. Қазіргі таңда орталықта 72 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.