Жемістіде жеке меншік мектеп салынып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев урбанизация және демографиялық өсімге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша 1 млн орын қажет болатынын айтып, бұл бағытта 1 мың жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма берген болатын. Сондай-ақ мектеп салуға инвесторларды көптеп тарту керектігін айтқан-ды.
Президент тапсырмасы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.
Осы ретте Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жемісті ауылдық округіне іс-сапары барысында жаңадан заманауи үлгіде бой көтерген Күмісай Тасболатова атындағы жекеменшік зияткерлік білім беру мектебінің жұмыстарымен танысты. 390 орындық жаңа білім ұясында қазақ - орыс сыныптарына 1-9 сынып оқушылары қабылданады. Мектепте математика және ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылып, тілді дамыту үшін практикалық сабақтарды өтуге шетел азаматтары тартылатын болады.
«Ауданымызда жыл санап жекеменшік зияткерлік мектептер саны артуда. Бұл көзқуантарлық жағдай. Бүгінгі таңда ауданда 2 негізгі орта және 8 бастауыш жекеменшік мектептері жұмыс жасауда. Бұл өз кезегінде мектептердегі білім сапасының артуының кепілі», - деді жаңа білім ұясында болған аудан басшысы.
Айта кетсек, мектепте логикалық ойлау қабілетін арттыратын пәндік, түрлі спорттық (шахмат, теннис, таэквондо, күрес) және өнер (домбыра, би, вокал) үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар, мектепте білім алушылар екі мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі және оқушылардың күні бойы мектепте сабақ оқуына, үй тапсырмаларын орындауына және үйірмелерге қатысуына жағдай жасалынған.