Сарыағашта спорт нысандары көбеюде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім.
Жақында спорт мерекесі күніне орай Сарыағаш ауданында мерекелік жиын өтті. Мерекелік жиынға ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, аудандық мәслихат хатшысы Смайыл Тасқұлов және ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әбіләзім Жаншуақов, ауданындағы бірқатар дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлері, спорт ардагерлері қатысты.
Н.Талипов аудан спортшыларының жетістіктерін тілге тиек ете келе, аудандағы спорт саласының материалдық-техникалық базасының нығайып келе жатқанына тоқталып, спорт саласының майталмандарын төл мерекелерімен құттықтады.
- Айта кетсем, 2021 жылы Қапланбек ауылдық округі, Жонарық ауылында ашық спорт алаңшасы салынып пайдалануға берілсе, қазіргі таңда Дарбаза ауылында, Құркелес ауылдық округінің Алғабас, Нұрлы жол ауылдарында ашық спорт алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Мұндай еңбектер арқасында үлкен жетістіктер тұр деп сенеміз. Алдағы уақытта тек биіктерден көрініп, жеңіс шыңдарында жүріңіздер. Баршаларыңызға амандық, саулық тілеймін, - деп Н.Талипов ақ жарма тілегін жеткізіп, спорт саласының үздіктеріне аудан әкімінің «Алғыс хаттары» мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
Өз кезегінде С.Тасқұлов және Ә.Жаншуақов түрлі байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген спорт саласының қызметкерлерін құттықтап, ізгі тілектерін жеткізіп, марапаттады.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, өнерпаздар жиналған көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Атап айтқанда аудан спортшылары, өткен жылы 1 спортшы әлем, 13 спортшымыз Азия чемионы атанса, әлем кубогінан 1 алтын, 3 күміс,1 қола жүлдегері шықты. 23 спортшымыз ҚР чемпионы атанды. Ал ағымдағы жылдың 7 айында аудан спортшылары Әлем кубогынан 1 күміс, 1 қола, Азия чемпионатынан – 2 алтын, 2 күміс, Қазақстан чемпионатынан - 5 алтын, 1 күміс, 3 қола, Халықаралық жарыстардан 1 алтын жүлдеге ие болды.