Нақты проблемалар әкім назарына жолданды
Кентау қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы қала әкімі Жандос Тасовпен кездесумен бастау алды. Кеңес төрағасы Арман Басаров кеңес мүшелерінің толыққанды құрамымен таныстырып, кеңес атынан көптеген өзекті мәселелерді, ұсыныстарды қала әкіміне жеткізді. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қала үшін ең маңызды салада коммуналдық-шаруашылық бөлімінің атқарған жұмысы талқыланды.
Бөлім тарапынан дайындалған мәлімет бойынша кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Коммуналдық-шаруашылық салада қордаланған, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан проблемаларға аналитикалық талдау жұмыс жоқтың қасы. Талқылау нәтижесінде кеңес тарапынан келесі ұсыныстар қала әкімінің назарына жолданып отыр.
1. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар үшін өзекті мәселе – табиғи газбен қамтамасыз ету. Бұл бағытта атқарылған жұмысты жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бүгінгі күнге нақты қанша абонент техникалық құжаттамаларын алды, қаншасы қаралуда? Барлық форматтағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Әсіресе, №5 жылу станциясы қосылған жеке сектордағы үйлерді ерекше назарға алып, жылу станциясының жүктемесін жеңілдету қажет. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін көмірді пайдаланып келген жеке сектор тұрғындарының табиғи газға биыл нақты қол жеткізу мүмкіндігіне сенімдік арттыру қажет. Жылусыз пайдалануға берілген 10 көпқабатты үйдің тұрғындарымен жүргізіліп отырған жұмыс жеткіліксіз екені анықталды.
2. Ауыз су жүйелерінің жағдайы да алаңдатады. Жыл басынан қанша апатты жағдай орын алды, қанша жоспарланбаған қаржы жұмсалды деген мәселелер бойынша талдау жоқ. Алдағы қыс маусымында құбырлар осындай қарқынмен жарылатын болса, оның салдары қандай болатыны белгілі. Сондықтан, тәуекелі өте жоғары нүктелерге толық ревизия жүргізіп, алдын алу жұмыстарын бүгіннен бастау қажет.
3. Тазалық мәселесін шешу бойынша бөлім тарапынан нақты ұсыныстар жоқ. Тек проблемаларды тізумен шектелуде. Облыс бойынша ең төмен тариф Кентауда деген уәжге дәлел жоқ. Егер тариф ең төмен болса, оны көтеру жолдарын қарастыру қажет деп есептейді кеңес мүшелері.
4. Абаттандыру жұмыстары еш сын көтермейді! Саябақтар мен көшелер бойындағы қурап - қатып қалған талдарды кесу жұмыстарын қолға алу қажет. Су қоймасы аумағындағы жасыл аймақта қурап қалған талдардың орнына біздің ауа райы ерекшелігіне қарай төзімді тал отырғызу бойынша білікті агроном – мамандарының қорытындысын алып, күзде тал егу жұмысын жүйелі, жоспарлы түрде бастау қажет. Қала көшелері, саябақтар мен аллеяларының көркін келтіретін гүл деп есептесек, бұл жұмыс еш сын көтермейді. Биыл тек екі түрлі, екі түсті гүлдерді қаланың орталық көшесі бойына отырғызып, әктелген таспен көмкерумен шектелді.Оның өзінде жартысы қурап тұр. Қарнақ ауылында жылы жаймен айналысатын кәсіпкерлермен ақылдасып, гүл көшеттерін егуге тапсырыс беру мүмкіндігін қарастыру, сонымен қатар Кентау көпсалалы колледжінің ландшафт дизайны мамандарын қаланы безендіру жұмыстарына мемлекеттік тапсырыс аясында тарту бойынша ұсынысты қарауды сұранамыз.
5. Қалада 3 саябақ коммуналдық меншікте, алайда, қала бюджетінің оларды толыққанды күтіп-ұстауға, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ екені анық. Осы орайда, мемлекеттік – жекеше серіктестік аясында бірінші кезекте С.Қожанов атындағы орталық саябақты пилоттық жоба ретінде кәсіпкерлерге жалға беру мүмкіндігін ашық қоғамдық тыңдау арқылы талқылауды ұсынамыз. Саябақта бір-екі жекеменшік аттракционнан басқа, 60 жылдан бері келе жатқан тозығы жетіп, қаңырап тұрған «аттракциондар» көздің сүйеліне айналды. Басқа қалалар мен аудандардың тәжірибесімен танысып, қызығушылық танытатын кәсіпкерлер арасында үздік жобалар конкурсын ұйымдастырып, жалға берілетін аумақтарды абаттандыру шарттарын белгілеп, жыл бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік беру қажет. 2000 жыл қала үшін өте қиын кезде «Кеншілер» саябағы жеке басқаруға берілген. Тоқырау жылдары қараусыз қалған саябақ қала тұрғындары үшін нағыз демалыс орнына айналған еді. Өкінішке орай, коммуналдық меншікке қайтарылып, қазіргі таңдағы жағдайы белгілі. Сондықтан, осы мәселе қолға алынса, бюджеттің жүктемесі де азаятыны сөзсіз.
6. Қала орталығын, саябақтарын кейбір қала тұрғындары жайылым жерге айналдырып алғаны жасырын емес! Тәртіпті өрескел бұзып үйренген мал иелеріне заң аясында қатаң шара қолдану қажет. Нақты шешу жолдары да айтылды, ендігі кезекте бөлімнің заңгер-маманынан өз міндетін атқаруын талап ету – бөлім басшысының құзырында.
Қала әкімі алдағы уақытта кеңеспен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын, әрбір көтерілген, ұсынылған мәселелер бей-жәй қалмайтынын айтып өтті. Кеңестің қазыналы қариялары келген әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілеп батасын берді.