Көмекке мұқтаж балаларды мектепке дайындады

Oinet.kz 27-08-2022 546

Screenshot_19.png

Бүгін  Төле би ауданы Ленгір қаласындағы №4 жалпы орта мектеп ауласында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті.  Акцияға қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров аз қамтылған және көп балалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп отырған оқушыларға қолдау көрсетіп, іс-шараның мақсатын түсіндіріп, демеушілерге алғыс айтты. 

Биыл он төртінші рет ұйымдастырылып отырған  акция  барысында мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Акцияның өтуіне аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер  мұрындық болды.

Жалпы, 1 тамыз бен 30 қыркүйек күндері өтетін  іс-шараға аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсетуді ойлаған ауданның кез-келген түрғыны қатыса алады.  Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Мектептің әлеуметтік педогогына жолығып қиын өмірлік жағдайға тап болған ата-анада көмек сұрай алады. 

Аудан бойынша әлеуметтік  көмекті  қажет ететін 3234 оқушының 2045-іне Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес қаржылай қолдау көрсетілсе,  қалған 1189 оқушыға  «Мектепке жол» аясында демеушілер есебінен көмек беріледі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында ауданда мектеп ғимараттарын жаңарту жұмыстары жүруде. Биылғы жылы 200 орындықты Қайнар, Ұйымшыл, №6 жалпы орта мектептерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Шомшақты, Тағайна мектептері мен Оқушылар үйінің құрылысы басталады. 10 мектепті күрделі жөндеуден өткізу қажет болса, 7 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мәдени жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өткен. 

Шағын ауылдың мектеп жасындағы тұрғындарының  білім алуына жол ашу үшін  мектепке тасымалдау ұйымдастырылуда. Жалпы, аудан бойынша 21 мектепке 2767 оқушы  тасымалданады. 

Ауданда  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық танытып, олардың өмірде өз орнын табуына септігімізді тигізіп, қоғамдық істерге тарту мақсатында жұмыстар атқарылуда.  Соның бір дәлелі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  соңғы 5 жылда  тұрғын үй кезегінде тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  105 азаматқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер берілді.   Жыл соңына дейін осы санат бойынша қосымша  15 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Бұл игі іс аудан аумағында жалғасын табады дейді мамандар.

Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек Төлеби ауданы бойынша білім беру ұйымдарында 27795 оқушы білім  алса, 2022-2023 оқу жылынаа 14 баспадан 114 380 дана оқулық және оқу әдістемелік кешен алынды. 

Мектеп оқушыларының шығармашылығын шыңдап, ой-өрісін дамытып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау үшін  өзін-өзі дамытуға, шеберлікке үйрететін «Fablab» кабинеттерін ашу жоспарлануда. Жалпы, аудандағы 59 мектеп пән кабинеттерімен 59,3 пайызға жабдықталған.

Жаңа жылдан бастап  ұстаздар қауымының жалақысы 25 пайызға көтеріледі деп күтілуде. 

Халықпен жүздесу жалғасуда
Айбары мықты - Ата Заң!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу