Халықпен жүздесу жалғасуда
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес жұмыс кестесі бойынша, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға келген К.Балташова өзінің Жаңабазар елді мекенінен ата-анасынан айырылған 4 немересін бағып-қағу, қамқорлығына алу мақсатында арнайы көшіп келгенін, бүгінде пәтер жалдап тұратынын, балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде екенін айтып, пәтер алуға көмек сұрады. Аудан әкімі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, бүгінгі күні кезекте 346 болып тұрғанын, пәтерлер заң аясында ешкімге кезексіз берілмейтінін, пәтер жалдаушы көмекке мұқтаж отбасы ретінде пәтер ақысына мемлекеттен субсидия алу жолдарын түсіндірді.
Журналист Л.Асанова Біркөлік өзенінің маңы ерекше қорғалатын аймақтар қатарында екенін, өзенді құжатта арық етіп көрсету заңға сай келмейтінін айтты. Бұған қоса, АӘК алушылардың тұрмыстық жай-күйін анықтайтын комиссия жұмысына тұрғындардың наразылықтары бар екенін жеткізді. Аудан басшысы Біркөлік өзені маңын зерттеп, заңсыз құрылыс нысандары салынып не болмаса қоршаулар қойылған болса, барлығына шара көруді тиісті органдарға ұсынатынын айтып, табиғатты қорғау аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ал, АӘК тағайындауға қатысты жұмысшы топтың құрамы мен іс-әрекетін толық зерделеп, жауабын беретінін айтты.
Қаратөбе және Қоғалы ауылдық округтерінен келген көпбалалы аналар «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасына бөлінетін қаржыға қол жеткізе алмағандарын, ауылдық жерде жұмыс орны жетпейтінін, сондықтан АӘК алуға өтініш бергендерін, комиссия олардың бау-бақшасы мен төрт түлігі бар екенін ескеріп, тағайындамағанына шағымданды. Аудан әкімі «Мектепке жол» акциясы аясында жетім, жартылай жетім, аз қамтылған және АӘК алушылар, көпбалалы және ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен шыққан отбасында тәрбиеленіп отырған мектеп жасындағы балаларға берілетін көмек екенін, ол үшін мектепке қажетті құжаттарды өткізут қажеттігін түсіндірді. Ал, АӘК - айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан берілетін ақшалай төлем болғандықтан, ол отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын тұлғаларға тағайындалатынын айтты. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға сәйкес, АӘК тағайындауда отбасы мүшелеріне бірге тұратын жақын туыстарының табыстары қосылады. Отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасына кіретін табыстың барлық түрі, оның ішінде зейнетақы төлемдері де есептеледі.
Қоғам белсендісі Г.Байзақова Кемеқалған ауылдық округіндегі жер кезегінің жылжымау себебін сұрап, медициналық пункт құрылысына арнайы жер бөлуді, ескі мектеп орналасқан орынға спорт кешенін тұрғызу жоспарланғанын айтып, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 4 маманға көмек беруді сұранды.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қабылдау барысында көтерілген мәселелер заң аясында шешімін табатынын, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.
Бекітілген кестеге сай аудан тұрғындарымен кезекті кездесу – Кемеқалған ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы ауданның 2022 жылдың бірінші жарты жылдығының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен ауылдық округте алғашқы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысын таныстырды.
Биылғы жылы округ аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталатын болсақ: Ақбастау және Әңгірата елді мекендерінің ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтсе, Ардагер, Жастар, Қаратас, Қошқарата, Шоқалақ, Шеңгелсай көшелеріне және бұдан бөлек 6 көшеге трансформатор орнатылып, электр желілері тартылуда. Ақбастау-Әңгірата көшесі орта жөндеуден өтіп, Дегерез, Жастар көшелеріне асфальт төселуде. Әңгірата елді мекеніне саябақ орнатуға қаржы қаралып, Ұйымшыл елді мекеніндегі білім беру мекемесінің құрылысы аяқталуға жақын.
Алғашқы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысына тоқтала кетсек: Шымкент-Текесу бағытында қоғамдық көлік жүргізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Қотыр бұлақ» бұлақ бастауының және су резервуарының санитарлық аумақтары темір қоршаумен қоршалып, каптаждалып, бетондалды. Ақбастау жалпы орта мектебінің ғимараты ауыз су жүйесіне қосылды. Қаратөбе елді мекеніндегі жекеменшік иелігіндегі 187,0 гектарды құрайтын жер учаскесі келіссөздер жүргізу нәтижесінде ортақ жайылымға қалдырылған. Ақбастау елді мекеніндегі 108 метр аралыққа аяқ жол демеушілер есебінен салынды. Ұйымшыл елді мекеніндегі бетондалған «Қошқарата» каналының 0.8 шақырымы тазаланған.
Сұрақ –жауап форматындағы кездесу барысында округ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Алматау демалыс орнына баратын жол бойында электр желілерінің бос жатқанын, Үңгіртас көшесіндегі тұрғын үйлерге су біркелкі бармайтынын айтып, Төртшал көшесінің жолдары жөндеуден өткізсе деген ұсынысын жеткізді. Әңгірата елді мекенінің тұрғыны ауыз су тапшылығының алдын алу үшін су есептігіш қондырғыларын орнату қажеттігін сөз етті. Ұйымшыл елді мекенінің тұрғыны Ғайып Ерен Қырық Шілтенге баратын жолдағы жөндеу жұмыстарының сапасына көңіл бөлуді сұранды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық саласын дамытуға бөлінетін субсидия жөнінде сұрақ қойып, округтен аурухана не болмаса емдеу орталығын ашу жөнінде пікірлерін ортаға салды. Бұған қоса, округ тұрғындары қалалық ауруханаға тіркеліп, ем қабылдаса деген өтініштерін де жасырмады. Қаратөбе елді мекенінің тұрғыны ауылға ФАП және мектеп құрылысын жүргізу қажеттігін айтса, Қарақия елді мекеніндегі жолды кеңейту мәселесі де кездесу барысында сөз болды.
Округ тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған Төлеген Тұртайұлы барлығына да жауап беріп, мәселелерді үнемі назарында ұстайтынын, олардың оңтайлы шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Кемеқалған ауылдық округіндегі кездесуден кейін аудан әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Г.Байзақова Қарақия бастауыш мектебі бала саны артуына байланысты негізгі мектепке айналғанына орай білім ордасында маман қажеттігі туындағанын, ауыл жастарының қалаға қатынап жұмыс істеп жүргенін ескеріп, оларды «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы ауылға қалдыру мүмкіндігін қарастыруды сұранды.
Журналист Л.Асанова карьердің лицензиясын тексеруді, ауылдық округ әкімі аппараты тозығы жеткен, ескі ғимаратта отыратынын айтып, жаңа құрылыс нысанын тұрғызуды сұранды. Қарақия елді мекенінің тұрғындары ортақ жайылымдық жерге қайтарылған 819 га жерді СТК балансына алу мүмкіндіктеріне қарасты сұрақтар қойды. Р.Қантөреева тұрғын үйлерге баратын жол бойындағы көпірді жөндеуден өткізуді сұранды. Әңгірата елді мекеннің тұрғындары ауыз су ауыл тұрғындарының барлығына бірдей жетпейтініне шағымданып, электр жүйелерін ауыстыруды, жолдың асфальтын жаңалауды өтінді.
Қабылдауға келген тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілетіні, «Мектепке жол» акциясы жөнінде сұрақтар қойды.
Атаулы әлеуметтік кімдерге берілуі тиіс: әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен адамдарға тағайындалады. 2022 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс 36 018 теңгені құрайды. Сондықтан кедейлік шегі бір адамға айына 25 212 теңге төленеді. Егер отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы осы отбасының барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды. Ал, отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасына кіретін табыстың барлық түрі, оның ішінде зейнетақы төлемдері де есептеледі.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қабылдау барысында әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, заңдылыққа сәйкес түсініктеме беріп, оның орындалуын сала басшыларына тапсырды.