Киелітас ауылыныда әкіммен кездесу өтті
Киелітас ауылдық округінің жалпы жер көлемі 15003,08 гектарды құраса, оның 1409,94 гектары елді мекендер аумағы, егістік жерлер 7196.8 гектар, суармалы жерлер – 742 гектар, бау -148 гектар. Округтегі шаруа қожалықтар саны 674, 11 ЖШС, 2 ӨК , «Жыланбұзған» және «Ақбастау» атындағы СТК бар.
Округ халқының негізгі күн көрісі - мал шаруашылығы. Аумақтағы төрт түлік саны 17685, мал басына шаққанда жайылымдық жерге мұқтаждық 37219,0 гектарды құрағандықтан, мақсатына сай пайдаланылмаған 37,5 гектар жерді заң талаптарына сай мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы Достық және Сұлтан Рабат елді мекендеріндегі ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Алмалы, Бірлік, Б.Рүстемов көшесінің жолдарына асфальт төселіп, Қарауылтөбе көшесіндегі Бадам өзені арқылы өтетін көпір мен Ақайдар елді мекеніндегі Бадам өзені арқылы көпірге кұрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралды. Сұлтан Рабат елді мекеніне спорт алаңшасы салынып, «Қыр» каналына механикалық тазалау жүргізіледі.
Аталған мәліметтерді Төле би ауданының әкімі Төлеген Телғараев Мемлекет басшысының "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес Киелітас ауылдық округінде өткен кездесуде округ тұрғындарына таныстырды. Бұған қоса, аудан көлемінде 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың алғашқы кездеуде көтерген мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Мамыр айында өткен басқосуда округ халқы 8 мәселе көтерді. Атап айтар болсақ, Қарауылтөбе көшесі Сұлтан Рабат елді мекеніне өтетін көпір құрылысына бюджеттен қаржы қаралып, мердігер анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Достық елді мекеніндегі әскери бөлімнің оқу-жаттығу нысаны аудандық «Оқушылар үйінің» теңгеріміне өтіп, «Жазғы лагерь» ашу жоспарлануда. Шалқар, Жас дәурен, Атамекен көшелерін асфальттау 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Бадам өзені бойын ластаған жеке тұлғаға айыппұл салынып, күл-қоқыстар тазаланып, толығымен ретке келтірілді. Округтегі «ҚазПошта» ғимаратын мекеменің Түркістан облысы бойынша филиалымен бірлесе отырып жөндеуден өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Астана көшесіндегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жұмыс «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвест бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Ауылдың жайылымына баратын жол бойындағы жер учаскесін мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Кездесу барысында округ тұрғыны М.Абдуллаев Қарауылтөбе елді мекеніндегі жайылымдық жер мәселесін, А.Бердібаев Қазақстан көшесіндегі темір жол бойындағы тұрғын үйлерге тартылған электр жүйелерінің тозығы жеткендігін сөз етсе, А.Рүстемов бүгінгі күні Б.Рүстемов көшесінде асфальт төселіп жатқанын, оның сапасын бақылайтын жұмысшы топқа ауыл тұрғындарын қосуды сұранды.
Басқосуда аудан басшысы көтерілген әрбір мәселеге қатысты оның орындалу мезгілін түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, келесі кездесуде бүгінгі жиындағы ұсыныстардың орындалу барысын баяндайтынын жеткізді.