Киелітастықтармен кездесу өтті
Әкім бол, халқыңа жақын бол. Бұл тәмсіл Президенттің жарлығымен бекіп отыр. Мемлекет басшысы бұдан былай әр деңгейдегі әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек деп міндеттеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығында «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған. Жаңа құжат бойынша облыс, қала және аудан әкімдері кездесулерінің нақты графигі бекітілген. Бұған қоса «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» әкім тұрғындармен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс. Ал жиындарда әдеттегідей ұзын сонар баяндама оқылып, жиналғандарды мезі етпейді. Бұған жоспарланған уақыттың төрттен бірі ғана беріледі. Кездесудің негізгі уақыты «сұрақ-жауап» форматында өтуі тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төле би ауданы Киелітас ауылдық округ әкімінің Сұлтанрабат ауылының тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Кездесу Сұлтанрабат жалпы орта мектебінде өтті. Кездесуге ардагерлер, зиялы қауым, ауыл тұрғындары мен жастары қатысты.
Халықпен кездесуде округ әкімі «Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылдың 6-айында атқарылған және 2022 жылы атқарылатын жұмыстары» туралы баяндама жасап болған соң кездесу жаңа «сұрақ-жауап форматта жалғасын тапты.
Ауыл тұрғыны Досметова Ирада Сұлтанрабат елді мекеніне кіреберіс жерден Кемеқалған ауылдық округіне дейін асфальт жолдың күрделі жөндеуден өттіп жатқанына ризашылығын білдіре келе, Сұлтанрабат елді мекеніне кіреберісінен Жыланбұзған ЖОМ дейін жол бойына тасталған тастарды тегістеп берсе деген пікірін білдірді.
Кездесу барысында қойылған сұрақтарға округ әкімі жауап беріп, кездесу барысында халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу жолдары туралы арнайы іс-шара түзіліп, оның орындалу барысы жөнінде ақпарат жергілікті баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланатынын және сауал иелеріне орындалу барысы жөнінде жазбаша түрде жауап берілетінін жеткізді.
Кездесу біткен соң округ әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.