Түлкібастан Солтүстікке қоныс аударуға ниеттілер бар

Oinet.kz 29-07-2022 363

Screenshot_30.png

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты халыққа жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы тапсырма негізінде азаматтардың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуы жалғасуда.

Жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару – мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі. 

Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы — еңбек нарығын дамыту және тұрғындардың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы өңірлерді жандандыру. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары да көзделген.

Бүгін осы мақсатта «Қуатты өңір-ел болашағының драйвері» атты ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы Аққайын ауданының әкімі Р.Елубаев бастаған ақпараттық-түсіндірме тобы Түлкібас ауданы Рысқұлов ауылдық округінде арнайы болып, ауыл тұрғындары және әкімдік мамандарымен кездесті.

Жиынды аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы жүргізіп отырды. Басқосу барысында Солтүстік өнірден арнайы келген Аққайын ауданының әкімі Елубаев Рүстем Мұқашұлы және аталған ауданның Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Данебаев Ержігіт Хожабекұлы бағдарламаның маңыздылығын кеңінен түсіндіріп өтті. 

Бағдарлама бойынша әр бір қоныс аударған отбасы мүшесіне 70 АЕК есебінде көтермеақы тағайындалады. Сонымен қатар, 12 ай тұрып жатқан жалдамалы пәтерінің төлемақысы мен коммуналдық шығындары да өтелмек. Ең маңызды бөлігі отбасы мүшелері мамандығы бойынша жұмыспен қамтылатын болады.

Жиынға қатысушылар тарапынан Солтүстік өңірдің өкілдеріне сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Басқосу соңында Нұрлан Мархабатұлы еліміздің солтүстік қақпасынан арнайы келген әріптестеріне аудан жұртшылығы және өз атынан алғысын білдіріп, ел мүддесі жолындағы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетілетіндігін атап өтті. Тиісінше Рүстем Мұқашұлы да өз тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғысын білдіріп, табиғаты таңғажайып киелі құт мекеннің халқына ризашылығын жеткізді.

Айта кетерлік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданынан 26 отбасы Солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдіріп отыр.

«Орталық» қосалқы станциясы пайдалануға берілді
Түлкібастан Солтүстікке қоныс аударуға ниеттілер бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу