254 абонент таза ауыз суға қосылады
Елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген. Жобаның басты мақсаты – республика тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешу.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты - базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Бұл үшін өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасында белгіленген бағыттар аталған ұлттық жоба аясына топтастырылған.
«Ұлттық жобаны іске асырудың нәтижесінде негізгі қызметтермен, атап айтқанда сумен жабдықтаумен 100 пайыз және кәріз жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз ету есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы айырмашылық қысқарады деп күтіледі»,
Ұлттық жоба аясында Түлкібас ауданында ауыз су мәселесі оңынан шешіліп келеді. Айталық биыл балықты ауылындағы 254 абонентті таза ауыз сумен қамту жоспарлануда.
Бұл мәселе соңғы жылдары аталған округтегі өзекті мәселелердің бірі болатын. Аудан әкімінің есептік кездесуінде көтеріліп келген ауыз су проблемасы биыл шешімін таппақ.
Атап айтқанда, округ орталығындағы Сыпатай батыр, Құрманғазы, Болашақ көшелеріне жаңа су құбыры тартылып, 400 куб текше метрге есептелген қосымша су сақтау орны соғылуда. Ол жерде қосымша мұнара орнатылып ауыз су жетіспеушілігін толық шешуге ықпал етпек.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт тиісті сала мамандарымен бірге Балықты ауылында болып, аталған құрылыс жұмыстардың сапасын бақылап қайтты. Аралау барысында жауапты бөлім басшысына жұмысты сапалы болуын және мерзімінен кешікпеуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аталған бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.