Бадырақов бөгендіктермен кездесті

Oinet.kz 30-07-2022 271

Screenshot_14.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығына орай Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Бөген ауылдық округіне барып, ауыл халқымен кездесті. 

Аудан басшысы ең әуелі Кемер ауылы тұрғындарымен жүздесу барысында  мектептегі оқушы тасымалы, ауыз су сапасын жақсарту,  көше жарықтандыру мәселесін назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, сапар барысында Бөген ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін «R-1», «ЛБК» каналдары, «Бөген су» қоймасының апатты қашыртқысының шандоры, ескі аурухана ғимараты, ескірген ауыз су жүйесінің мәселесімен танысты. 

«Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға қажетті кез-келген мәселені саралап, алдағы уақытта оңды шешім шығарамыз. Ауыз су мен ағын су шаруалар үшін ең қажетті дүние. Сондықтан канал арнасын жөндеу, ауыз су жүйесін жаңалау уақыт талабы. Емхананың ескі ғимарат құрылысына кәсіпкерлерді тарта отырып, ауылдардағы шағын және орта бизнесті дамытатын боламыз. Біз барынша тұрғындардың көкейінде жүрген пролбемаларды шешуге жұмыс істейміз», деді аудан әкімі бөгендіктермен кездесуде.  

Нұрбек Бақтыбайұлы «Б.Пернебеков» жеке шаруа қожалығының 10 сотық үйіргелік жылыжайы мен «Ордабасы Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің техникалық базасын аралап, ауыл әкіміне игілігі мол бастаманы барша ауыл тұрғындары арасында қолға алуды жүктеді. 

Айта кетейік, «Ордабасы Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мақта өсірумен айналысады. Кооператив төрағасы Әбілдә Әлібековтің айтуынша бүгінгі таңда 32 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Мұнда мақта өнімділігі жыл санап артып келеді. Қазір кооперативте ауыл еңбеккерлері тер төгіп, өнім берекелілігін арттырған. Кооперативте 22 мүше бар.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. 

Ауыл жастарын спортқа баулу мақсатында ауданда Бөген спорт кешені бой көтеруде. Жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан ойын алаңшасының құрылыс алаңында болған аудан басшысы тұрғындардың бос уақыттарын тиімді пайдалануда аталған жобаның маңызы ерекше екендігіне тоқталды. Әрі спортпен шұғылданушыларға барынша шарт-жағдай жасалсын деген ой айтты.

Онан соң  аудан әкімі «Бөген су» емдік суы кәсіпорынына барып, жер асты термалды суын нарыққа шығарып, бренд қалыптастырған өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.


Ордабасылықтар Омарбековке өтініш айтты
Диханға әкім келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу