Жеңісте үй шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қатары артып келеді

Oinet.kz 18-07-2022 168

Screenshot_1.png

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы болары сөзсіз. Осы салаға көңіл бөлу арқылы жұмыссыздар қатарын азайту сынды мәселелердің түйінін тарқатуға болады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. "Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оныңөсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет",- деп кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тапсырма берген еді. 

   Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Ордабасы ауданында кәсіппен айналысатын азаматтардың қатары көбейіп келеді. Мемлекеттің көмегімен әсіресе тұрғындар ерекше бизнесті қолға алуда. Мәселен ауыл көлемінде үй шаруашылығы секторында калифорниялық қызыл шылаушан өсірумен 4 адам айналысуда. Жеңіс ауылдық округ тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі Бағлан Батыршаев  алдағы уақытта шағын кәсіпкерлік саласында  инвестициялық құны  20 млн. теңгені құрайтын  2 жоба іске қосылатынын жеткізді. 

Коммуналдық сала бойынша да ауылда бірқатар жол бөліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, тұрғындардың талабы бойынша Жеңіс елді мекені К.Омаров, Бигелдинов көшелеріне орташа жөндеуге, ауылдың ішкі көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату  жұмыстары жүргізілмек. Ал, Жеңіс елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен кент ішіндегі газ құбырын салу нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамаға ұсынылуда. Нысанның қаржысы бөлінген жағдайда Жеңіс елді мекені мен Бөген  ауыл округі табиғи газбен қамтылатын болады.

  Ел экономикасын дамыту үшін бүгінде көптеген жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты - базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Ұлттық жобаны іске асырудың нәтижесінде негізгі қызметтермен, атап айтқанда сумен жабдықтаумен 100 пайыз және кәріз жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз ету есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы айырмашылық қысқарады деп күтіледі. Жоба аясында ауылда  2020 жылы жаңа ауыз су ұңғымасы қазылып, тұрғындарға тұрақты сапалы ауыз су берілуде. 2022 жылы Жеңіс елді мекенінің ауыз су жүйесін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталып, бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігін айтқан болатын. Президенттің  айтуына қарағанда, жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде.«Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын»,- деп нақты тапсырма жүктеген болатын. осы орайда биыл Жеңіс ауыл округінен жалпы алаңы 438 гектар жайылымдық жерді аудандық қорға қайтарып, ортақ жайылымға бекітіп беру мақсатында арнаулы Қаулы қабылданып, мемлекет мұқтажы үшін алу мақсатында жұмыстар қолға алынуда. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, алдағы 5 жылда Қазақстанда беделді деген халықаралық 5 ЖОО филиалын ашу, халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына гранттар бөлу, әскери борышын өтеуге ынталандыру, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу мерзімін ұзарту, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті грантты 400 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл елімізде жұмыссыздықпен күрестің құралы әрі жастарға берілген үлкен мүмкіндік екенін естен шығармаған жөн. Осы ретте ауылда осы жылдың 6 айында  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жұмыспен қамтудың белсенді шараларына  38 адам қатысып, жұмыспен қамтылды. 

Сондай-ақ, осы жылы  ауылдағы 21 отбасыға 4 млн. 332 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 1-6 жасқа дейінгі 35 балаға 783 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілді дейді салаға жауапты мамандар.

Бөгенде агросекторды дамытуға барлық жағдай бар
Ордабасыда мақта түсімі молаюда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу