Түркістан облысының спортшылары 40 медальмен топ жарды
Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз «тәні саудың — жаны сау» немесе «бірінші байлық-денсаулық», — деп бекер айтпаған. Бірақ, осы нақыл сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін сезінбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз.
Салауатты өмір сүрудің, тазалықты сақтаудың белгілі ережелерін білмейтін де жан кемде-кем. Тіпті ол мектеп бағдарламасына да енгізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та:
- «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және, әрине, балаларға басымдық беру керек», - деп айтқан болатын.
Осы орайда Түркістан облысында спорт саласына жоғары деңгейге назар аударылып келеді. Соның дәлелі, жақында Жезқазған қаласында байдарка мен каноэда есу спортынан жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі сынға 12 өңірден 130-ға жуық спортшы қатысты. Спортшылар 1000, 500, 200 және 5000 метр қашықтықта сынға түсті. Қазақстан Республикасының жекелей және командалық чемпионатында Түркістан облысының спортшылары командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Су спорты түрлерінен Түркістан облысының ОРМБЖСМ спортшылары алғашқы күннен чемпионаттың басты фавориттері болды. Жерлестеріміз әр түрлі бағдарламаларда 19 алтын, 12 күміс және 9 қола жүлдеге ие болды. Жеңімпаздарға тоқталсақ, Н.Сергеева К-1; 1000 м, К-1; 500 м, К-1; 200 м, К-1; 5000 м қашықтықтары бойынша 4 алтын медальді олжалады. Сонымен қатар К.Семеникинамен жұптасып ескек есуде де топ жарды. Чемпионатта Б.Раматулла, В.Панкратов, К.Семеникина, Е.Тютюкина, Т.Әлиханов, Д.Бахрадин, Д.Корыткина, Д.Эргашханова да алтыннан алқа тақты. Командалық екінші орын Шымкент спортшыларына бұйырса, үштікті елордалықтар қорытындылады.
Түркістан облысының үздік ескек есушілері О.Ковалева, Е.Кеңесов, С.Сергеев, Е.Синявская сынды бапкерлердің басшылығымен Азия Кубогына дайындықты бастап кетті. Бұл жарыс 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Жапонияда өтеді.