Мақта дақылын суғару жұмыстарын жеделдетіледі

Oinet.kz 19-07-2022 289

Screenshot_11.jpg

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Мұрат Болатұлының төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласында кеңейтілген жиын өтті. Күн тәртібінде ақ ұлпалы алқаптарды уақытылы суғару мәселесі қозғалды.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Асан Жақыпбекұлы мен “Қазсушар” РМК Жетісай аудандық бөлімшесінің басшысы Орынбасар Тастанов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Марат Абуов, ауылдық округ әкімдері мен жер мамандары, су қауымдастық төрағалары мен шаруалар қатысты.

“Ағымдағы жылдың су пайдалану кестесінің жоспарында “Достық” магистральды каналынан шілде айының II он күндігінде 50 м3/сек, III он күндігінде 55 м3/сек ағын су алу лимиті қарастырылған. Дегенмен, қазіргі таңда аудан шаруаларының сұранысы небәрі 31 м3/сек құрап отыр.  Ағын суға шаруалар тарапынан  сұраныстың болмауынан тамыз айынан бастап Өзбекстан Республикасы ағын су лимитін қысқартуы мүмкін. Осыған орай жетісайлық шаруалар дәл қазіргі сәтте ешбір кедергісіз келіп жатқан суды тиімді пайдаланып, егістік алқаптардағы вегетациялық жұмыстарды жеделдетулері керек” деді аудан басшысы Мұрат Болатұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Асан Жақыпбекұлының айтуы бойынша шаруалар мақта зиянкестерінен қауіптеніп ақ алтын дақылын ағын судан тарықтырса гүлдер мен шанақтардың,көсектердің жаппай түсуіне алып келеді. Сондай-ақ, шілде суын дұрыс алмаған дақыл мол өнім бере алмайтындығын шаруаларға жеткізіп, су қауымдастықтары мен округ әкімдеріне тез арада ағын суға сұраныс беріп, жаппай суғару шараларын қолға алуға шақырды. 

Айта кетейік, Жетісай ауданында алдағы аптада аптап ыстық күтілуде. Казгидрометтің хабарлауынша сынап бағанысы 40-46 С жетуі мүмкін. Бүгінгі таңда суғарылған мақта алқабы 4700 га.

Мұрат Болатұлы: Тұрғындардың өтініші басты назарда
Қылмыстың алдын алу бойынша мекемеаралық жиын өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу