Денсаулық саласындағы жемқорлық тыйылып келеді
ANTIKOR.LIVE тікелей эфир жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы» және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарға тікелей эфирде баяндап берді.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында денсаулық саласындағы жең ұшына жалғасқан сыбайластықты жоюға аса мән берілген және онымен күресу жобалары қолға алынған. Бұл жұмыстар Шымқалада да жүйелі атқарылып келеді. Мәселен жақында медицина мекемелерінде фронт офистер ашылып, онда комплаенс-офицерлер қызметі пайда болды. Офицерлердің міндеті емду мекемелерінде жемқорлыққа жол бермеу, алдын алу және оның элементтері пайда болған кезде дереу ақпарат беру. «Шымкентте денсаулық саласына қарасты 36 мекеме бар. Жекеменшік нысандарды қосқанда 100 ден асады. Жалпы 20 мыңнан аса медицина қызметкерлері бар. Осы нысандар мен қызметкерлер арасында сыбайластыққа жол бермеу үшін қазіргі таңда қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің қоғамда «Дәрігерге ақша бермесең қарамайды» деген теріс көзқарас қалыптасып қалған. Біздің ең бірінші мақсатымыз осы теріс пікірді жою, онымен күресу, қоғамдық ой пікірді өзгерту.
Тұрғындар емдеу мекемелерінде сыбайластыққа куә болса қайда хабарласатындарын білмейді. Біз сол үшін аурухана, емханаларда көзге көрінетін жерге екі тілде қажетті ақпараттарды ілдік. Ол ақпаратта 1424 деген антикор орталығының телефон нөмірі, одан кейін сол жердегі бас дәрігер мен эскперттердің нөмерін жазып қойдық. Тұрғындарға айтарым жемқорлық фактісіне кез болсаңыз, медицина қызметкерлері сізден ақша талап етсе кез келген уақытта 39 33 17 номеріне хабарласып, шағым қалдырсаңыз болады»,- дейді басқарма басшысы.
Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша соңғы жылдары денсаулық саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық элементтері көптеп кездесуде. Мәселен пациенттердің түрлі медициналық құжаттарды сатып алу фактісі жиілеген. Әсіресе мүгедектікке шығуға қатысты құжаттар жиі саудаланады екен. «Шымкент қаласында қазір 36 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың құжаттары қаншалықты денсаулық жағдайымен сәйкес келу-келмейтіндігін қазір зерделеп, тексеріп жатырмыз. Сондай-ақ босану үйлеріндегі пара беру, алу жағдайларын жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бастысы нәтиже бар»,- дейді Шымқаланың бас дәрігері.
Айта кетейік, қазіргі таңда медицина мекемелерінің бас дәрігерлерә айына бір рет фейсбук парақшасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстары турадһлы тұрғындармен тікелей эфирде байланысқа шығуда. Бұл да денсаулық саласын жемқорлықтан азат етудің бір жолы дейді мамандар.