Түркістан бизнеске қолайлы үздік облыс
Түркістан облысы өткен жылдың қорытындысы бойынша бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде еліміздің үздік өңірі деп танылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Түркістан облысы инвесторлары Өңірлік кеңесінің онлайн отырысында айтылды.
Түркістан облысы өңірлер арасында инвестициялардың (+60%) және құрылыстың (+66%) өсу қарқыны сияқты көрсеткіштер бойынша да елімізде абсолюттік көшбасшы болып табылады. Құрылған сәттен бастап Түркістан облысында 600 млн. АҚШ долларын құрайтын 91 жоба жүзеге асып, шамамен 6 мыңдай жұмыс орны құрылды. Алдағы төрт жылда 1,5 трлн. астам сомаға 93 жобаны іске асыру күтілуде. Осылайша келешекте 21 мың адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.
– Жоспар бойынша 2021 жылдың соңына қарай 306 млрд. теңгенің 62 жобасы іске қосылады деп күтілуде. Осылайша 3 мың 802 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Шетелдік компаниялардың қатысуымен 1071 жұмыс орны ашылған жалпы құны 164,1 млрд. теңгені құрайтын 12 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Оның айтуынша, инвестициялардың негізгі үлесі туризмді, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК), өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-ні дамытуға бағытталатын болады. Айта кетейік, Түркістан облысы жаңартылатын энергия көздері саласында айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие. Өңір электр энергиясын нетто-импорттаушы болып табылады және өзінің қуаттылығы есебінен жалпы қажеттіліктің 20 пайызын жаба алады. Қазіргі уақытта өндірілетін электр энергиясының барлық көлемі ЖЭК-ке тиесілі (97 пайыз).