Инвесторлар Түркістан облысы басшылығына алғыс айтты
Шетелдік және отандық алпауыт компаниялардың басшылары «TURKISTAN INVEST» РАПИРЭ жобасын іске асыруға көрсетілген көмегі үшін Түркістан облысы басшылығына алғыстарын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен 25 ірі инвестордың қатысуымен Түркістан облысы инвесторлары Өңірлік кеңесінің онлайн отырысында айтылды.
Түркістан облысы инвесторлары Өңірлік кеңесінің онлайн отырысына Италияның Қазақстандағы Елшісі Паскуале Д'Авино және HEVEL КТ, «Artel Electronics», «ECOINVEST» ЖШС, Ынтымақ Агро ХХІ секілді шетел және еліміздегі алпауыт компаниялардың басшыларымен бірге тиісті ұйымдардың басшылары да қатысты. Облыс басшысы басқосуға қатысқан әр инвестормен жеке сөйлесіп, олардың бизнес жобаларын бірге талқылады. Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мен инвестиция тарту және осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге тоқталды.
– Сіздер бізді өз үйлеріңіздей көріңіздер. Ол үшін қолдан келген барлық жағдайды жасаймыз. Біздің инвесторлар – нағыз патриоттар. Барлық инвесторларға өңіріміздің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтқым келеді. Облысымыз жаңа, өздеріңіз білетіндей, өңіріміздің құрылғанына үш жыл енді болады. Біздің басымдықтарымыз – бұл, ең алдымен, туризм, энергетика, қайта өңдеу, көлік-экономиканы әртараптандырумен байланысты барлық саланы қамту. Және бұл осы бағытта қолға алынған тірліктің бастамасы ғана, – деді Өмірзақ Шөкеев онлайн-конференцияда.
Ірі инвесторлар облыс басшылығына және «TURKISTAN INVEST» РАПИРЭ жобасын іске асыруға көрсетілген көмегі үшін алғыс айтып, фронт-офис пен әкімдіктің үйлесімді жұмысын атап өтті. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы инвесторлардың облыстың кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне қосқан зор үлесін атап өтіп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Сондай-ақ ірі серіктестермен өзара іс-қимылдың даму барысын жіті қадағалайтынын және туындайтын мәселелерді шешуге және жобаларды іске асыруға барынша жәрдем беретінін айтты.