115 заманауи спорт алаңы салынады

Oinet.kz 04-03-2021 512

    Screenshot_2.jpg   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тапсырмасына сәйкес, биыл Шымкентте  бұқаралық спортты дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінбек.   Яғни, мемлекеттік бағдарламалар аясында 2021 жылы 115 заманауи спорт алаңын салу жоспарлануда. Одан бөлек, «Металлург» стадионы мен 12-ші Балалар мен жасөспірімдер спорт-мектебінің спорт кешендерінің құрылысы аяқталмақ.

 Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің бірден бір жолы ол әрине спортпен айналысу.  Осы орайда биыл қалада 117 мыңнан астам оқушылар арасында Жастар спорт лигасы өтпек. Аталған жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа бейімдеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтауды көздейді. 

Бүгінге дейін спорт түрлері бойынша төрешілер жиыны өтіп, жеребе тасталған болатын. Әр спорт түрінің қай жерде өтетіні, қай топта кімдер ойнайтыны анықталған. Сондай-ақ, әр ауданның мектеп командаларының атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.

Жалпы бұл лига волейбол, баскетбол, футбол, шахмат бойынша спорттың 4 түрінен өтеді. Лига екі кезеңнен тұрады. 1 наурызда волейбол, баскетбол, футбол бойынша өтсе, ал шахмат жарысы қыркүйек айына қалдырылды. Атап айтқанда әрбір спорт түрінен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынан қалалық жарысқа 16 командаға жолдама беріледі. ІІ кезеңде 16 команда арасында 1/8 финалдан бастап, 1/4 финал, 1/2 финал, финалдық ойындармен жеңімпаз командалар анықталады.

Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медальдармен марапатталады. Сонымен қатар, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинациялары бойынша марапаттар табысталады.


Бесінші перзентхана салынады
Сапалы ауыз сумен қамту 95,6 пайызға жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу